Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 желтоқсан 2023халықаралық конференция, мерейтой

SHAKARIM SCIENCE SCHOOL: ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТТІҢ ДРАЙВЕРІ

Бүгін Шәкәрім университеті қабырғасында саналы ғұмырын білім мен ғылымға ғана, жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған, білім ордасының белді ғалымдары Дәлел Тілеуғазыұлының “80 жас”, Амангелді Еренғалиұлының “75 жас” және Айтбек Калиұлының “70 жас” мерейтойларына орай «Аграрлық және тамақ өнеркәсібін дамытудың перспективалық бағыттары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды. Конференция жұмысына Ресей және Қазақстанның түкпір-түкпірінен атақты инженерия, машинажасау, аграрлық, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі салаларының ғалымдары, оқытушылары, ізбасарлары мен жаңа буынды шәкірттері қатысты.
Мерейтой иелері – алпыс жылдық тарихы бар, бұрынғы Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтының тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми мектебінің іргесін қалаған, сол ғылыми мектеп қабырғасын талантты шәкірттерге толтырып, сол ғылыми ұядан сан алуан ғылым докторларын, ғылым кандидаттарын, жаңа буынды PhD докторлары мен постдокторларды тәрбиелеп білім мен ғылым қуған ұстаздар.
Пленарлық мәжілісте Шәкәрім университетінің профессоры Құмарбек Әмірханов «Қазақстанда ет өңдеу саласын дамыту», Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Бауыржан Толысбаев «ҚР азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мәселелері мен алғышарттары», Кемерово мемлекеттік университетінің профессоры (Ресей) Борис Лобасенко «Разработка мембранного оборудования нового типа и моделирование его работы», Ұлттық биотехнология орталығының жетекші ғылыми қызметкері Гүлжамал Мұқиянова «Тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инновациондық Randox биочиптер технологиясы және микотоксикологиядағы заманауи ғылыми аспектілер»тақырыптарында баяндама жасады.
Конференцияда отандық және шетелдік ғалымдардың 6 секция бойынша 120-ға жуық мақаласы ұсынылды. Ғалымдар тамақ өнімдерін өндірудің технологиялық үрдістері мен құрал-жабдықтарын жетілдіру, азық-түлік өнімдерінің өндірісі мен технологияларын дамытудың заманауи үрдістері, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері, Қазақстан экономикасын дамытудың инновациялық бағыттары, АӨК салалары үшін бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау және Қазақстан Республикасындағы машина жасау мен көліктің өзекті мәселелері секциялары бойынша заманауи ғылыми зерттеулерімен бөлісті.
Алқалы жиында қатысушылар ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісі, биотехнология саласындағы жаңа технологиялар мен инновацияларды, экология және тұрақты даму, қазіргі әлемдегі аграрлық және тамақ өнеркәсібінің алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді талқылады. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Абай өңірінде аграрлық және тамақ өнеркәсібіндегі ғылыми зерттеулердің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы көпірге айналды. Ғалымдардың Инженерлік-технологиялық факультетті қалыптастырудағы рөлін және олардың ғылыми кадрларды даярлауға қосқан үлесін айқындады.