Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 тамыз 2023дөңгелек үстел, қатысушылар, семей полигоны

ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге Халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды болды.
Бұл күн ұзақ жылдар бойы қасірет шегіп келген киелі Абай елі, қасиетті Семей өңірінің тарихына жаңа серпіліс берді.
Осы ретте бүгін Шәкәрім университетінде «Семей ядролық сынақ полигоны: ғылым және социум» халықаралық дөңгелек үстелі өтті.
Жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті және Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Алқалы жиынға министрлік, Абай облысы әкімдігі мен Семей қаласы әкімдігінің өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен оқытушылар, ғылыми қызметкерлер, өндіріс инженерлері, сондай-ақ докторанттар мен магистранттар қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Семей полигоны жабылуының үлкен саяси маңыздылығын атап өтті.
Жиында университет ректоры Думан Орынбеков Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында өзінің саяси жауапкершілігін және жетекші ядролық державалармен өзара сенімге негізделген серіктестік үлгісін көрсеткенін тілге тиек етті.
Басқосуда «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Картоев Султан «Казахстанский путь строительства безъядерного мира»; Emeritus University of Hiroshima профессоры Масахару Хоши(Жапония) «Взаимодействие с Казахстанскими учеными по исследованию Семипалатинского испытательного ядерного полигона»; Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының радиациялық қауіпсіздік институты директорының орынбасары Мустафина Евгения «Результаты комплексного экологического обследования Семипалатинского испытательного полигона»; Шәкәрім университетінің профессоры Исин Амантай «Атом сынақ полигоны: оның табиғатқа және әлемдегі текетіреске әсері»; Шәкәрім университетінің Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі Кливенко Алексей «Полимерные гидрогели для очистки радиоактивно- загрязненных вод» тақырыптарында баяндама жасады.
Кеңес заманында Қазақстан одақтың ең ірі ядролық қару базасына айналды. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің аумағында әлемде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсенал орналасты. 40 жылдың ішінде өңірде 456 жерасты және жерүсті сынағы жасалды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 есеге асып түседі. Айта кетерлігі, бүкіл әлемде жасалған барлық сынақтардың 24 пайызы Қазақстан аумағында болған.
Дөңгелек үстел аясында ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл қою рәсімі, ғылыми жетістіктер, әдебиет көрмесі, цифрландыру, Шәкәрім университетінің шығармашылық шеберханасы және мұғалім, суретші Аймуханбетов Құрманның «Семей полигонының трагедиясы» көрмесі өткізілді.