Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі26 қазан 2023жиын, республикалық конференция, мәселе

Шәкәрім шаңырағында сұлтанмахмұттану мәселесі қарастырылды

Шәкәрім университетінде асқақ ойлы, суреткер ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналған «Сұлтанмахмұт тағылымы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция ақынның 130 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
«Абайды оқы, таңырқан, басың шайқа» деп ізет пен ілтипатын өлеңмен төккен Сұлтанмахмұт қазақ поэзиясын заман талабына сәйкес жаңа өрнек, тың бояулармен байытты. Басқосуда Астана, Алматы, Орал, Павлодар, Өскемен және Семей қалаларынан 30-ға жуық мақала келіп түсті.
Шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов «Сұлтанмахмұттанудың өзекті мәселелері», филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шынар Құрманбаева «С. Торайғыров шығармаларының құндылық бағдары», филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жанбота Секей «Дихан Әбіловтің «Сұлтанмахмұт» трилогиясындағы шығармашылық тұлға концепциясы», PhD, қауымдастырылған профессор Амантай Құдабаев «Әлемдік өркениеттің қалыптасуындағы ұлы даланың алатын орны» тақырыптарында баяндама жасады.
Жалынды жас, дарынды ақын отызға толмаған жасында қазақ руханиятына қыруар олжа салып кетті. Сертпен өмір сүрді және сол серт жолынан таймай өтті. Алашшыл ақындар ішінде Мағжан Жұмабаевтан кейінгі, тіпті қатар аталуға тиіс сертшіл ақынның бірі.