Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі16 қазан 2021дебат

Шәкәрім шаңырағындағы ,,30 ЖЫЛДЫҚҚА 30 ИГІ ШАРА" аясындағы дебат

Бүгін Шәкәрім шаңырағында Семей қаласының әкімінің кубогіне арналған «Semey Open 2021: Тәуелсіз ел жастары» дәстүрлі республикалық турнирінің ашылу салтанаты болды. Шара қала әкімдігінің қаржылай қолдауымен, Семейдің қалалық “Ішкi саясат бɵлiмi” мемлекеттік мекемесінің əлеуметтiк тапсырысымен, Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен «Жастардың интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған» әлеуметтік қызметі аясында өтті.

Салтанатты рәсімге Семей қаласының әкімінің орынбасары А.Садырбаев, Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Б.Иісбек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Семей қалаларының дебат сүйер қауымы қатысты. Алғы сөз Семей қаласының әкімінің орынбасары А.Садырбаевқа берілді.

«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және де дебат қозғалысының 20 жылдық мерейлі белесінде сіздерменен оффлайн форматта қауышқаныма өте қуаныштымын. Негізгі мақсат жастардың таным-түсініктерін кеңейтіп, келер ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін буынның мықты қалыптасуы мен парасат пайымының көкжиегін кеңейту үшін осындай шараны ұйымдастыруды жөн санадық. Бүгінгі турнирдің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ақ жол!»,- деді Айдар Серікқазыұлы.

Шығыс Қазақстан облысында ең алғашқы пікірсайыс қозғалысы Шәкәрім университетінде бастау алып, бүгінгі күнде университет облыстың пікірсайыс орталығына айналды. Турнирге еліміздің 10 аймағынан 68 командадан қатысуға өтініш берді.

Құттықтау сөз Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Б.Иісбекке берілді.
«Шәкәрім шаңырағында «Шәкәрім жастары» интеллектуалды орталықты ашқан кездегі негізгі мақсатымыз орталықтың Семей жастарының рухани орталығына айналдыру болатын. Қазіргі таңда қара шаңырағымызда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Road show Enactus Kazakhstan жастар кәсіпкерлігінің үлкен форумы өтті. Бүгін дебат сүйер қауымға арналған салтанатты рәсім болып жатыр. Міне, осылардың барлығы жастар үшін жасалуда»,-деді Басқарма мүшесі Б.Иісбекұлы.

Рәсім барысында М. Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің студенттері өнер көрсетті. Сондай-ақ үздік пікірсайысшылардың қатысуымен көрсетілім ойыны болды. Көрсетілім ойынға Қуанбай Еркебұлан (Нұр-Сұлтан қаласы), Рүстемұлы Мират (Алматы қаласы), Бақтыбаева Асия (Семей қаласы), Балабек Аяулым (Семей қаласы) қатысты.