Жоғары оқу орны студенті белгілі бір мамандық иесі, қазіргі заманғы қоғамда өз орнын таба алатын жеке тұлға және алдағы жауапкершілік пен қиыншылықтарға толы өмірге бейім адам етіп қалыптастыратын тәрбие ошағы болып табылады. Сондықтан, жоғары оқу орнын таңдаған кезде өте мұқият болу қажет.
Менің өмірімде де дәл осындай маңызды таңдау қажеттігі туған еді. Менің таңдауым еліміздің тарихи қаласы, Семей қаласында орналасқан Шәкәрім университеті болды. Білім қуған әрбір түлектің арманына, мақсатына айналған Шәкәрім университетінде білім алу мүмкіндігі бұйырғанына мақтанамын!
Шәкәрім университеті сексен бес жылдан астам тарихы бар, білікті профессорлар мен ұстаздар ұжымы қызмет ететін, Қазақстанның түкпір-түкпірінен білім нәрімен сусындау үшін келген білімді, дарынды, озат студенттердің ордасы.
Қазіргі уақытта оқу үдерістерінде студенттердің алаңсыз білім алуына мүмкіндік жасалынып, материалдық-техникалық база толықтырылған. Университет өзінің жан-жақты қызметін кең ауқымда жүргізіп, қарқынды дамып, жастардың бойында азаматтық, ұлтжандылық сезімдерін қалыптастыруда зор еңбек етуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында қоғамдық өмірдің түрлі аспектілері, соның ішінде Қазақстанның тарих ғылымы саласына қатысты бірқатар маңызды және тағдыршешті бастамалар көтерді.
Осы орайда, болашақ тарихшыларды қалыптастыруда Шәкәрім университетінің тарих кафедрасының алатын орны ерекше. Бүгінгі күні «Тарих және құқық» болып қайта құрылған кафедраның міндеті – ұлт тарихын зерттейтін, ұлт тарихын жаңаша пайымдап, шынайы тұрғыдан жазатын білікті де кәсіби мамандар даярлау. Кафедрада жоғары білікті оқытушы-профессорлар, оның ішінде 13 ғылым кандидаты, 3 философия докторы, 2 ғылым докторы қызмет атқарады. Атап айсақ, есімдері алты алашқа белгілі, ғылыми ортада сыйлы – түркі халықтары және археология ғылымы бойынша мемлекетіміздегі негізгі маман Исин Амантай Исаұлы, алаштанушы және өлкетанушы Каримов Мұхтарбек Қарпықұлы, кейінгі ортағасырдағы көші-қон, Қазақстан этностарының тарихы бойынша бірегей маман, жаңашыл ғалым Атантаева Бақыт Жұмағазықызы, тарих ғылымдарының докторы Байсарина Қымбат Қабидоллақызы Шәкәрім университетінде ұзақ жылдары бойы шәкірт бойына білім нәрін беріп, көптеген ғылым кандидаттары мен философия докторларын тәрбиеледі.
Шәкәрім университеті қазіргі таңда алыс жақын шетел университеттерімен екі жақты серіктестік құрып, қарым-қатынасты нығайтуда. «Тарих» мамандығы бойынша Түркия елімен байланыс жақсы орныққан. Сонымен қатар, Ресей, Канада, Түркия елдерінен келген арнайы мамандардың дәрістерін тыңдап, пайдалы ақпараттарды алуға мүмкіндік бар.
Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуге көмектесіп, студент мүддесін басты орынға қойып, білім көкжиегін кеңейтіп, озық тәжірибе мен ғылымның биігін бағындырып білім беріп жатқан озық ойлы кафедрамыздың профессор-оқытушылар құрамына алғыс білдіремін.
«Тарих» мамандығын бітірген жас маманның болашақта өзіне пайдалы болатын аналитикалық ой, жақсы есте сақтау, монотонды жұмысқа қабілеті, табандылық сияқты белгілі бір дағдылары қалыптасады. Гуманитарлық қасиеттер тек шағын ғана емес, сонымен қатар кең дүниетанымы бар сауатты қызметкерлерді қажет ететін келешегі зор компанияларда да сұранысқа ие.
Тарих мамандығы бойынша жоғары білім алған адам түрлі салада қызмет атқара алады. Атап айтсақ, жалпы орта білім беретін мектепте мұғалім, әлеуметтанушы, мұрағатшы, халықаралық қауіпсіздік жөніндегі маман, мемлекеттік және жергілікті басқару саласында маман, музейлерде гид немесе ғылыми қызметкер, саясаттанушы, мәдениеттанушы, этнограф және т.б.
«Тарих» білімі бар қызметкерді қабылдаған ұйым не мекеме көп нәрседен ұтатыны анық. Тиісті жеке қасиеттері және қабілеттері арқылы тарих дипломы бар қызметкер компанияның әр түрлі қызмет салаларында пайдалы қызмет атқара алады.
Ешенғазин Думан
Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің бас маманы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі,
Шәкәрім университетінің
2018 жылғы түлегі