Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 тамыз 2023ғылым, қаржыландыру гранттары, коммерциализация

SHAKARIM UNIVERSITY ӨКІЛДЕРІ ҚазҒЗИ СЕМЕЙ ФИЛИАЛЫНДА

Ел дамуының негізі – білім мен ғылым саласында. Мемлекет тарапынан отандық ғылымның дамуына әрдайым қолдау көрсетіліп, ғалымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар кешені іске асырылуда. Осы орайда бүгін Шәкәрім университетінің делегациясы «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» Семей филиалына барып қайтты. Кездесуде екі жақ өзара тиімді жобаларды коммерцияландыру барысын талқылады.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков ғылыми-практикалық қызметтің осы және басқа бағыттары бойынша білім ордасы мен аталған тамақ өнеркәсібі арасындағы ынтымақтастық қазақстандық ғылым саласына септігін тигізетіндігін ерекше атап өтті.

-Біз стратегиялық серіктестікте білім беру, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет салаларында ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізуге мүдделіміз. Оқу орны ғалымдары кәсіпорынмен бірлесіп жүзеге асыра алатын бірқатар коммерциялық жобаларды талқыладық. Өйткені, ЖОО – бұл кадрларды даярлау ғана емес, сонымен қатар маңызды ғылыми-зерттеу базасы. Біз бірге жаңа технологияларды дамыта аламыз, ал студенттер осы жобаларға қатыса отырып, оқу барысында университетті индустрия талап еткен жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындап шығарамыз деген ойдамыз,- деді ректор Думан Рымғалиұлы. 

Өз кезегінде ҚазҒЗИ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі Семей филиалының басшысы Ануарбек Суйчинов білім ордасымен бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеуге дайын екендігін, оқу орнының білім алушылары, докторант-магистранттары осы уақытқа дейін арнайы жабдықталған шеберханада дуалды білім алып келгендігін айтты.

Университеттің әлеуметтік серіктестігі ҚазҒЗИ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі Семей филиалының базасында ұзақ жылдар бойы университет оқытушылары ірі қара мен құс етінің сүйек шикізатын өңдеудің және оны ет өнімдерін өндіруде пайдаланудың ұтымды технологиясын жасауда. Құрал-жабдықтардың конструкциясын, сүйек шикізатын ұнтақтау процесін жетілдіру, ет өнімдерінің тағамдық құндылығы мен қауіпсіздігін зерттеу бойынша кешенді зерттеулер жүргізілуде. Аталған технология адам қажеттілігін қанағаттандыру бағытында табиғи ресурстерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. 

-Ет және сүйек шикізатын өңдеудің дамыған технологиясы адамның осы минералдарға деген күнделікті қажеттілігінің 50%-на дейін қанағаттандыратын минералдардың, атап айтқанда кальций, магний, темірдің көп мөлшері бар ет және сүйек пастасын алуға мүмкіндік береді. Алынған ет және сүйек пастасын ет өнімдерін өндіруде тағамдық қоспа ретінде пайдалану ұсынылады, оларды құнды минералды және ақуыз компоненттерімен байытады. Сонымен қатар, ет өнімдерін өндірушілер үшін шығындар айтарлықтай төмендемейді, сүйек шикізатын қалдықсыз өңдеу процесі жақсарады,- дейді Шәкәрім университетінің профессоры Айтбек Какимов.

Қазіргі таңда «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» Семей филиалы мен Shakarim University бірлескен ғылыми және коммерциялық жобаларды қайта өңдеу, аграрлық, машина жасау салалары бойынша қолға алмақ. Бұл өз кезегінде жас ғалымдардың шетел асып кетпей, өз өңірінде қызмет етуіне септігін тигізері анық.