Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 маусым 2021media centre, өнер

Shakarim university өнер қайраткерлерімен кездесті

Шәкәрім атындағы университеті МЖКТ театр труппасымен кездесу өткізді.
Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап «Абай баба ізімен» атты Нұр-Сұлтаннан Қарауылға дейін мәдени сапарға шықты.
Сапар барысында әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев, елімізге танымал театр режиссері , Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Канн кинофестивалінде «үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған киноактриса Самал Еслямова, актер Асылхан Төлепов бастаған өнер қайраткерлері мен театр делегациясы шаһарымыздың әдемі жерлерін тамашалап, Шәкәрім шаңырағына барып қайтты.
Аталмыш кездесуге Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Берікхан Иісбекұлы, құрылымдық бөлім басшылары және профессор-оқытушылар құрамы қатысып, алғашқы гастрольдік сапарларын киелі Абай жерінен бастап жатқандығына ризашылығын білдірді.
«Мәдени сапардың басты мақсаты киелі жерлер, жәдігерлермен, рухани, тарихи-мәдени құндылықтармен тереңірек танысып жас ұрпақтың туған жерге деген сезімін қалыптастыру»,- деді Музыкалық жас көрермен театрының директоры А.Максимұлы.
Жас өнерпаздар әуезді әндерімен кештің шырайын келтіріп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасына Абай ғұмырының бозбала кезеңі арқау болады. Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлтымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты – ғашық Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, Семей қаласының Абай театрында М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы сахналады. Қойылымнан кейін «Ұлы дала сазы» атты концертік бағдарламамен жалғасын тапты. Оған еліміздің өнер кеңістігін кеңейтіп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Нұрлан Өнербаев, Қанат-Света Айтбаевтар, Ұлықпан Жолдасов, Дина Хамзина сынды ел ардақтылары өнер көрсетті.