Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі16 қаңтар 2023спартакиада, профессор-оқытушылар құрамы

SHAKARIM UNIVERSITY СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Шәкәрім университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлім қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиаданың ашылу рәсімі өтті.
Жиында Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков спорттық шара университет оқытушылары мен қызметкерлерінің рухын көтеріп, бірлесе жұмыс істеуге сеп болатынын, жүлде қоры 1 500 000 млн тг. ұлғайғанын атап өтті.
Салауатты өмір салтын ұстану, профессор-оқытушылар мен қызметкерлерді дене белсенділігіне дағдыландыру, спорттық тәрбиені насихаттау мақсатындағы спартакиада 2 ай көлемінде спорттың 9 түрінен өтеді. Атап айтқанда, оқытушылар футзал, волейбол, баскетбол, тоғыз құмалақ, үстел теннисі, шахмат, дартс, бадминтон, тир ату сияқты спорт түрлерінен бақ сынайды. 7 спорттық сайыс топтық түрде қалған 2 спорт түрлері (дартс, тир ату) жекелей сайыс.
Спорт бәсекесінде барлық құрылымдар қамтылды, 7 команда, әр команда 28 ойыншы, барлық жиыны 189 әріптесіміз өзара жарысқа түсуде (Ректорат, Филология факультеті, Гуманитарлық-экономика факультеті, Инженерлік-технологиялық факультет, Жаратылыстану-математика факультеті, Ветеринария және агроменеджмент факультеті, Шәкәрім жоғары колледжі).
Спартакиада «Көңілді старт» эстафетасынан бастау алып, футзал спорт түрінен алғашқы ойын ЖМФ пен ИТФ факультеттері арасында өтті.
Айта кетейік, Шәкәрім шаңырағында өтетін дәстүрлі спартакиада биыл Лэйк-Плэсид (АҚШ) қаласында Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарымен бір мезгілде ұйымдастырылып отыр. Шәкәрім университетінің студенті Темірлан Рамаш шаңғы жарысынан сынға түседі.
Универсиадаға қатысушы барлық спортшылар мен Темірланның қанжығаларын алтын медальдармен майлап, Ел мерейін арттыруларына тілектеспіз!