22 сәуір Халықаралық Жер күнінде Shakarim University студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысты. Аталған акция Абай өңірі үшін ерекше маңызға ие. Өйткені, Жер жүзінде бірегей реликті қарағайлы бор Абай өңірі мен Канада елінде ғана бар.
Бүгінгі таңда планетада жаһандық климаттың өзгеруі, кең ауқымды дала өрттерінің өршуі, қоршаған ортаның ластануы бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдардың өміріне әсер етіп, өзекті мәселеге айналуда.
Қазақ халқының дәстүрінде «Жер-Ана» деген егіз ұғым бар екендігі белгілі. Жерді өз анасындай көру, ал анасын күндей қастерлеу – ұлтымыздың қанына сіңген қасиет. Неге десеңіз «Жер шоқтығы – Көкшетау», «Киелі Көкше жері», «Жер жәннаты – Жетісу» сынды сөздер арқылы туған жерге, табиғатқа, адамзатқа деген ыстық ықыласын, құрметін білдірген.
Сәуір айының басында елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ауқымды экологиялық науқан бес аптаға созылады және оның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналмақ. Тағылымы мол игі шара «Жасыл аймақ» апталығы аясында Абай облысы әкімдігі Shakarim University жастарымен бірлесіп өткізілді.
Бұл белсенділік жастардың табиғатты қорғау және сақтау іс-әрекеттеріне жауапкершілігі мен дайындығын көрсетеді. Ағаш отырғызу бастамасы экологиялық хабардарлықты нығайтуға және студенттердің өз елінің табиғи ресурстарына деген құрмет сезімін тәрбиелеуге ықпал етеді. «Таза Қазақстан» жай ғана акция емес, бұл жасыл және тұрақты болашаққа бағытталған қозғалыс.
Айта кететіндігі, Shakarim University әлемдік стандартқа сай «Ең жасыл» университеттердің бірі, Қазақстан бойынша 9 орында болса, ал әлемде 812 позиция.