Бүгін Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында Шәкәрім университетінің ұйымдастырумен білім нәрімен сусындатып, өмірге қанат қақтырған “Ұстаздар күні” мерекесіне орай концерт өткізілді.
Іс-шараға ұзақ жылдар бойы адал еңбек атқарып, университеттің дамуына орасан зор үлес қосқан ардагер ұстаздарымыз бастаған профессорлық-оқытушылар құрамы, университеттің бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шара Абай драма театры сахналаған “Махаббат қызық мол жылдар” қойылымымен басталды. Ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтаған университет басшысы Думан Орынбеков өз сөзінде ұстаздардың ерең еңбектеріне ерекше тоқталып өтті:
- Адамдық борышың,
Халқыңа қызмет қыл,
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта оны біл, - деген өсиетін тұмар еткен әр ұстаз болашақта сапалы, бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтындығы анық. Университеттің әлемдік рейтингтерде көш бастап келе жатқаны – сіздердің табанды ізденістеріңіздің жемісі деп білемін. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – тәуелсіз еліміздің ертеңгі жарқын болашағы,- деп жылы лебізін білдірді.
Концерт шымылдығы домбыраның сазды үнімен ашылып, әсем ән мен керемет биге ұласты.
Сондай-ақ ұстаздар қауымы университеттің студенттері ұсынған әдеби жыр шумақтарын ыстық ықыласпен қабылдады.
Залдағы көрермен Шәмші әндерімен сусындап, Аккапелла жанрында халық әндерін бірге шырқады.
Мерекелік кеш соңы “Шәкәрім маршы” әнімен жалғасып, жиналған қауым көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Осылайша бар өнерлерін ортаға салған Шәкәрім ұжымы шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымына естен кетпес ерекше кеш сыйлады.