Арқа төсін дүбірге бөлеп, күллі көшпенділер өркениетінің мұрагерлері қатысып жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да аяқталуға жақын. Осынау байрақты бәсекеде жеңіске жеткен Шәкәрім үниверситетінің түлектерін: ел қоржынына қазақ күресінен алтын медаль салған Дидар Тұқышев пен Роза Нысантайқызын және арқан тартыстан Көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Әйгерім Жұманованы университет студенттері мен ұстаздары әуежайдан құрметтеп күтіп алды.
Төл спортымыздың туын көтеріп жүрген спортшыларымызды аз-кем әңгімеге тартып үлгерген едік.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төрт рет белдесуге шықтым. Өзбекстан, Моңғолия, Үндістан және Ресей палуандарымен болған белдесулерде нағыз көшпенді халықтың ұрпағы екеніміз, өз жерімізде өтіп жатқандықтан бұл бәсекедегі жеңістің бәсі жоғары екені ойымнан бір сәтке де шыққан жоқ. Үлкен жауапкершілікті сезіндік. Жаттықтырушым Айбек Жұманбаевтың берген тәлімі мен ақыл-кеңесінің арқасында жеңіске қол жеткіздім»- дейді бабына бағы сай келген балуан қызымыз.
Осы ретте көбіне аса көп елене бермейтін жаттықтырушылардың қажырлы еңбегін де айтқан абзал. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанған Роза Нысантайқызының бапкері – күрестен көптеген балуанның бабы мен бағын келістіріп, жеңіс тұғырына жетелеген білікті маман, Шәкәрім университетінің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Айбек Жұманбаев. "Шәкіртімнің ертеңгі жетістігі - менің бүгінгі тәлімімнің нәтижесі" деген қағиданы ұстанатын бапкер Розадан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
«Шәкіртім Розаны 2019 жылы университетке түскенінен бері қарай жаттықтырып келе жатырмын. Университет қабырғасында жүргенде Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы, Әлем чемпионы атанып үлгерді. Көшпенділер ойындарына 89 мемлекет қатысты. Осындай үлкен додада шәкірттеріміздің топ жарып, көк Туымызды желбіреткені үлкен қуаныш. Енді қараша айында Үнді елінде өтетін Әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз» - дейді ол.