Бүгін Шәкәрім шаңырағында Шығыс аймақтық Ректорлар Кеңесінің үшінші отырысы өтті.
Кеңес жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Шығыс өңірінің жоғары оқу орындарының ректорлары мен Шәкәрім университетінің проректорлары, құрылым басшылары, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қатысты.
Аталмыш кеңестің кіріспе баяндамасы ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Г.Көбеноваға берілді. Гүлзат Ісбасарқызы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
ҚР БжҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Б.Нарбекова ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасында аталған Академиялық басымдылық орталықтарын ашу және жүзеге асыру, сонымен қатар ғылыми зерттеу жұмыстарын коммерцияландыру мәселелерін айтып өтті.
Университет басшысы Б.Ердембеков өз баяндамасында Шәкәрім университетінің стратегиялық даму бағыттарын, сондай-ақ тәуекелді басқару механизмдеріне тоқталды. Сөз барысында университет Ректоры аталмыш оқу орнының халықаралық серіктестермен қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша дайындық жүзеге асырылып отырғандығын айтты.
«Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті»КеАҚ-ның Басқарма төрағасы – Ректор Ж.Шаймарданов «Тірек ЖОО-ның аймақтың дамуындағы рөлі» тақырыбына тоқталды.
Шығыс аймақтық жоғары оқу орындарының басқосуы өте мазмұнды, өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылардың бір-бірімен пікір алмасып, ой бөлісуіне мүмкіндік туғызған алаң болды.