Есенгелді аға, мен сізді елім, білім алған жерім
Семейім - деп соққан жүрегіңіз үшін ерекше қадірлеймін
Біз ұстаздарды жеткілікті дәрежеде бағалап, дәріптей білеміз бе?
2014 жылы ҚР ҒБ министрінің арнайы бұйрығымен «Шәкерім» атындағы университетке мемлекеттік емтихан коммиссиясының (МЕК) төрағасы болып бекітіліп, Семей қаласына келдім. Вокзалдан ветеринариялық санитария кафедрасының меңгерушісі, профессор Есенгелді Омарбекұлы, әріптестерім Абдрахман, Марал және студенттер арнайы қарсы алды.
«Есенгелді аға, әуре болып осынша құрмет көрсетіп жатырсыз, жастарда тосып алар еді ғой, өзім барып алдымен ұстаздарым - сіздерге сәлем береуім керек еді» деп ыңғайсыздық таныттым. Құшақ жайып, қауышып жатырмыз. Саған сабақ берген ұстаздарың да күтіп отыр деп, қолымдағы жүгімді алып, Еркін Қасымов біздің шәкіртіміз - белгілі ғалым, қазақ тілінде жазған оқулығыңды, оқу құралдарыңды, монографияңды студенттеріміз оқып жатыр, биыл тағы да 50 дана оқулығыңды (Індеттану және инфекциялық аурулармен күрес шаралары. «Атамұра», 2009) арнайы тапсырыспен алдырып университеттің кітап қорын толықтырдық, «Қысылма», бұл білім адамына деген құрмет деп қасындағы студенттерге таныстырып жатыр. Вокзал алаңында орнатылған Хан батыр Қабанбай бабамыздың ескерткішінің алдында естелікке фотосуретке түстік.
Ойыма 1980 жылы Семейдің зоотехникалық-ветеринария институтын бітіргенімізде Грузияның астанасы Тбилиси қаласынан келген акушерлік-гинекология маманы профессор П. Манясанның МЕК төрағасы болып келгені, оны сол кездегі ветеринария факультеті деканының орынбасары (кейіннен институт ректоры) Тоқаев Зейнолла Қалымбекулының, институт комсомол ұйымының хатшысы (курстасымыз) Төлеген Ибраевтың ұйымдастыруларымен құрметтеп қарсы алғанымыз есіме оралды. Аллаға шүкіршілік еттім.
Есенгелді Омарбекұлы факультет деканы, университет басшыларымен, ардагер профессорлармен (белгілі патолог-анатом Халит Смағұлұлы Жумабеков, СЗВИ ректоры Зейнолла Калымбекұлы Тоқаев, белгілі зоогигиена маманы Мұқташ Садвакасулы т.б.) жолықтырып, ғылым, оқу-әдістемелік тақырыптарда дөнгелек стол ұйымдастырды.
Расында, Есенгелді ағаның бойынан бүгінгі жоғары оқу орындарының ғалым-педагогтарына қойылып отырылған көркем мінездік (Soft skills) пен профессионализм (Hard skills) сияқты негізгі рейтинг талаптары аңғарылып тұрды. Оның іс-әрекетінен университет түлектерінің келешек өміріне жолдама беретін жоғары жауаптылықты іш дүниеммен сездім, оны ұлағатты ұстазымыздың көркемдікпен жеткізгенін жылы қабылдадым. Осы бір өлең үзіндісін:
Есенгелді аға!
Киелі жер, Семейге келдім,
Сағыныш толы кеудемде.
Еркін келді деп, қарсы алдың өзің,
Ризамын дарқан көңіліңе... деп жалғастырылған өлең шумақтарын Есенгелді ағамызға арнаған едім.
Университеттің студенттер үйінде (бұрынғы «Ертіс» қонақ үйі) 11-ші қабаттағы интернетпен қосылған арнайы екі бөлмелі қонақжайға орналастырды. 1994-ші жылы Семей облысының әкімі В. Ф. Черновтан мал терісін сыртқа шығаруға лицензия алып, оны Түркия мемлекетіне экспорттау мәселесімен жүрген кездерімде осы бөлмелерде тұрған едім. Керемет панорама - терезеден Ертіс өзені, Жаңа Семей, Ескі Семей, көпір, Түйе мойнақ (полковник) аралы жақсы көрінетін. Есенгелді аға шәкіртіміз деп ерекше көңіл бөліп, көптеген кездесулер ұйымдастырды. Бұл сапар маған 35 жыл бұрын жүріп өткен жерлерді көріп, студенттік, аспиранттық жылдарымды еске алуға мүмкіндік берді.
Менің ғылымға деген құштарлығым Есенгелді Омарбекұлының бір кафедрада еңбек еткен досы ҚР ҰҒА академигі, ғылыми жетекшім, рахметті Тілеуберді Сайдолдаұлының Кеңес Одағы жылдарында шалғайдағы Семейде құрған ғылыми мектебінде 2-курс суденті кезімнен қалыптасқан еді. Халықаралық деңгейде зерттеулер жүргізге алатын мұндай ғылыми мектептерді дамытып ел мұқтажына пайдалану бүгінде күттірмейтін өзекті мәселе (Қасымов Е.И. Халықаралық деңгейде ғылыми мектеп құрған ғалым еді. Qazagstan Dauiri газеті №42 /1326/ 22 қазан 2020).
Есенгелді Омарбекұлы басқада МЕК мүшелерімен бірге бакалавриат, магистранттардың мемлекеттік емтихандары қабылдадық, дипломдық жұмыстарды, диссертацияларды алдын-ала департаменттерде талдау жасатып, олардың ғылыми еңбектері МЕК отырыстарында зерделеніп, обьективті бағалануы қадағаланды. Талантты жастарға магистратура, PhD-ға жолдама беру басты назарда болды. Есенгелді Омарбекұлы бұл тұрғыда өзінің професионал маман дайындаудағы жоғары эрюдициясын көрсете білді. Сол кезде магистратураны бітірген Шыңғыс Сүлейменов, Динара Зайниттдинова, ҚР АШМ ветеринария комитетінің бас маманы Исмагулов Ербол Жарылқасынұлы хабарласқанда, «Аға, өзіңіз берген жолдамамен PhD білімін де жалғастырып жатырмыз» дегендері, жүрекке жылу ұялатады.
Бос уақыттарымызда: Қоңыр әулие, Жидебай, Абай, Семей полигоны, қала, университет музейлерін араладық. Кешкі уақыттарда ұстаздармен, курстастармен, жерлестермен кездесіп өткенді, бүгінді, ертеңімізді зерделеп, сыр шерттік.
Есенгелді ОМАРБЕКҰЛЫ ҚР ҒБ министрлігінің, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті ректорының марапаттарымен қатар, халықаралық дәрежеде марапаттар иеленген ұлағатты ұстаз. Ол француз тілін меңгеріп, 1978 жылдан 1981 жылға дейін Африканың Гвинея Халықтық-Революциялық Республикасында ветеринариялық медицина факультетінде микробиология және вирусология пәнінің оқытушысы қызметін аброймен атқарған.
Қадірменді Есенгелді аға, өзіңізді ерекше құрметтеймін. Еркін біздің шәкіртіміз деп кішілік танытқан періште көңіліңізге адами рахметімді айтамын, қабыл алыңыз!
Биыл (2021ж.) жетпістің асуына келіп, есеп беріп жатырсыз, алда талай асулар бар. Балалар -өмірінің есте қалатын жақсы бір кезеңі. Бұқар бабамыз «Кырық деген жасыңыз ерттеп қойған құр аттай, елу - алпыс жасыңыз көшіп қонған ел екен, жетпіс деген жасыңыз ол да бір сая жер екен» деген екен. Жетпіс бестен аттап, сексеннің самалында зор денсаулық, творчестволық табыс, балаларыңыздың, немере-шөберелердің, ағайын-туыс достардың ортасында жеңгемізбен бірге бақуатты ғұмыр суруіңізге шын жүректен тілектеспін!
ҚҰРМЕТПЕН:
шәкіртіңіз, ветеринария ғылымының докторы,
профессор Еркін ИГЕНБАЙҰЛЫ ҚАСЫМОВ.