02 мамыр 2021

ЖОМАРТ ЖҮРЕК, ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТ ДУЛАТ ТАСТЕКЕЕВПЕН КЕЗДЕСУ

Шәкәрім университетінде белгілі меценат Дулат Тұрсынұлы Тастекеевпен тәлімді кездесу өтті. Кездесу бизнесменнің "Өте маңызды" кітабының тұсаукесерімен басталды. 
Басқарма төрағасы- Ректор Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков бастаған құрылымдық бөлім қызметкерлері мен білім алушылары карантиндік шектеулерді сақтап, кәсіпкер, меценат, "TAS GROUP" компаниялар тобының негізін қалаушы және басқарушысы Дулат Тұрсынұлымен кездесті
Ресми кездесудің модераторы - Медиа орталық жетекшісі Еркебұлан Советұлы Мұқашев болды.
Кездесу барысында Бауыржан Амангелдіұлы сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағының Семей өңірі филиалының төрағасы Мерей Қартпен жарыққа шыққан туындының тұсауын кесті.
Ректор Атымтай Жомарт әңгімесі жайлы әсерлі аңыз айта келе,  ,"Мал шашқанның бәрі жомарт емес , жомарттық -  қонатын қасиет" деп, меценаттықтың бір қырын ашып көрсетті.
"Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, патриоттық сезімді ояту барысында Дулаттай азаматтардың жұмыс жасап қызмет етуі баршамызға үлгі болары сөзсіз. Дүниенің тұрақтылығы жомарт жандардың қолында болады. Ал, жомарттық дегеніміз - Дулат бауырымыздың синонимі. Жастардың кітап қоржынына қосылған " Өте маңызды" атты кітабыңыздың ғұмыры ұзақ болып, жалғасын таба берсін" ,- деп атап өтті Б.А.Ердембеков.
Іс-шара барысында Дулат Тастекеев қалың жұртқа өз тәжірибесінде жинаған білімімен бөлісіп, толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді.
"Бүгінгі кездесуде сіздердің көзқарастарыңыздан, сұрақтарыңыздан мотивация алып отырмын.  Тұсауы кесілген кітапты оқи отырып, рухани азық алып, бағасын беріп жатсаңыздар нұр үстіне нұр. Кәсіпкерлердің жазушы еместігі нақ. Сондықтан сыни көзқараспен қарап, пікір білдіріңіздер. Әрдайым қазақ жастарының рухы биік болғай",- деді Д. Тастекеев.
Жиын соңында, білім ордасы атынан Шәкәрім Құдайбердіұлының кітаптары сыйға тартылды.
Айта кетейік, Дулат Тұрсынұлы Тастекеев "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы атанды.