07 мамыр 2021

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕН ЖЕҢІС КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

«Батырлар – елдің байрағы»  мерекелік концерті қан майданда ерлік көрсеткен батыр бабалар рухына тағзым етуден басталды.
Отан алдындағы борышын атқару кезінде және ұрыс даласында қаза тапқан ерлерге бір минут үнсіздік жарияланды.
Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан  Амангелдіұлы Ердембеков университет ұжымын Отан қорғаушылар күнімен, алдағы Ұлы Жеңістің 76 жылдығымен құттықтады:
– Қос мерекенің қатар келуінің ерекше мәні бар. Символдық мереке –Ұлы Отан соғысындағы жеңімпаздар мен Отан қорғаушыларымыздың бүгінгі буынының әскери дәстүрлерінің тарихи сабақтастығын білдіреді...Құрметті Қазақ Елі! Адам өмірімен өлшегенде аса қымбатқа түскен Ұлы Жеңіс күнімен және тәуелсіздігіміздің тұтастығына кепіл болған  жандар – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!, – деді университет басшысы Б.Ердембеков.
Мерекелік іс-шара ерлік істер  шежіресі мен Отанға қызмет ету дәстүрлерін бейнелейтін мазмұнды бағдарламалармен  жалғасты. Оқу ордасының нәзік жанды арулары қаһармандық пен ерліктің символына айналған жауынгерлік, патриоттық әндерден шашу шашып, айтыскер ақын Тлеутай Айшолпан жыр арнап, бишілері мың бұрала би биледі. 
Сонымен қатар, әуезді кеште университет түлегі, облыстық Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның жезтаңдай әншісі Гүлдана Ноғайбаева Шәкәрім шаңырағын айтулы мерекелермен құттықтап,  «Семейім», «Жан еркем» әндерін әуелетті.
Концерттің екінші бөлімінде ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне үлес қосып, өнегелі әке атанып жүрген көп балалы ер азаматтарға арулар қауымының атынан алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Нәзік жандылардың сый-құрметіне бөленген ер азаматтар ризашылықтарын білдіріп, кеш соңында естелік суретке түсті.
Айта кетейік, мерекелік шара карантиндік шектеулерге байланысты Шәкәрім университетінің YouTube каналында (https://youtu.be/WSZFGmnQRPA),  Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде тікелей трансляция арқылы көрсетілді.