12 наурыз 2021

«АҚИҚАТ ПЕН ДИАЛОГ: ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМДАҒЫ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР»

Бүгін университет қабырғасында «Ақиқат пен диалог: зайырлы қоғамдағы рухани құндылықтар» тақырыбында #TEDхSemey2021 конференциясы ұйымдастырылды.
 #Online_TEDхSemey2021 конференцияның өтуіне облыстық дін істері басқармасы, дін мәселелерін зерттеу орталығы және Шәкәрім университеті  ұйытқы болды. Қаланың ЖОО мен колледж студенттерінің басын қосқан жиынның негізгі мақсаты: ұлттың рухани мәдениетін қалыптастырудағы діндердің рөлін талқылау және деструктивті діни идеологияға азаматтарды тартудың алдын алу.
Баяндамашылар:
Ашық диалог алаңында алғашқы болып сөзді ШҚО дін істері басқармасының басшысы Нұржан Құнанбаев алды. 
ҚМДБ Семей өңірінің бас имамы  Асқар Мұқанов  пандемия кезеңінде Семей жастарының қайырымдылық іс-шаралармен айналысып, құрбан айт мерекесі қарсаңында әр отбасына ерікті түрде моральдық және материалдық тұрғыдан көмек көрсетуші жастар санының көбейгенін айтты. 
Шәкәрім университетінің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің басшысы Мақсат Карибаев өз баяндамасында, жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дұрыс бағыт-бағдар беретін ұлттық идеологияны сіңіру арқылы дәстүрлі емес деструктивті теріс ағымдар қаупінен сақтануға болатынын жеткізді. Аталған мәселелерге қатысты білім ордасындағы жастарға дінге байланысты ұдайы ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары мен психологиялық кеңес берілетінін сондай-ақ, әлеуметтік желілерде қатаң қадағалау жұмыстарының жүргізілетінін хабардар етті. 
ҚМДБ Өскемен өңірінің бас имамы  Ермек Қажы Мұқатай онлайн конференция барысында жолданған сауалдарға жауап беріп, ғаламтор кеңістігіндегі ислам дінінің мәселелері бойынша мемлекет тарапынан рұқсат етілген сенімді ақпарат көздерін тізбектеді.
Жиында діни экстремизмнің және азаматтардың деструктивті діни идеологияға беріліп кету қаупін алдын алу бойынша жұмыс жүргізетін эксперт, дінтанушылардан бөлек арнайы психолог-жаттықтырушы маман да болды. 
Светлана Новикова деструктивті тәуелділігі бар адамдармен тікелей жұмыс жасайды. Психолог-жаттықтырушы: «Дәстүрлі емес ағымдар ауыр әлеуметтік-психологиялық бұзылыстарды туғызады және адамдармен қарым-қатынаста, отбасында, қызметте үлкен қиындықтарға алып келеді», –  деді. Мұндай жағдайға көбінесе психологиялық тұрғыдан әлсіз, депрессивті көңіл-күйдегі адамдар тез бұрылып кететінін айтты. 
Жастар және дін мамандарының қызу талқылауымен өткен онлайн TEDхSemey2021 конференциясы қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ететін мағыналы ұйымдастырылған шара болды.