Өзбекстанда Абайға көрсетілген құрметті көргенде, таңырқамасқа шара қалмады. Хакім Абай екінші «Қара сөзінде» даналықпен «...бәрі соларда» деп қалай анық айтқан. Және, тағы да сол екінші «Қара сөзінде» хакім Абай «...салтанат, әсем де соларда» деп үстемелеп айтқан.
Қазақстаннан, жер жерден келген қонақтарды үлкен-кішісіне дейін иіліп жүріп күтті. Хакім Абайға құрмет керемет! Бала Абай он үш жасында теңдесі жоқ, асыл ақын деп, медет сұраған Әлішер Науаидің елі осы шарада мәдениеттің биігін көрсетті.
Даналықтың тойы – жиылған жұрттың Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің алдындағы Абайдың асқақ ескерткішіне гүл шоқтарын қою құрметімен басталды. Ескерткіш алдында Абайдың өлеңдері шабытпен оқылып, әндері айтылып, Ташкентті әуенге бөледі. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов – Абай тойына орай қонақтарға елшілікте құрмет көрсетті.
«Абай – қазақ және өзбек халықтарының сүйікті ақыны» атты халықаралық конференция Өзбекстан Жазушылар Одағында өтті. Хакім Абайды өздерінен бөлмей қараған. Конференцияны Өзбекстан Жазушылар Одағының төрағасы Саидов Сирожиддин ашып, өзі басқарып отырды. Абай тойына орай құттықтаулардың бастауын Өзбекстан Республикасы ұлтаралық қарым-қатынастар комитетінің төрағасы Сариев Кахраман алды. Конференцияда Өзбекстан, Қазақстан ғалымдары Абай мұрасына, қазақ-өзбек әдебиеті байланысы мәселелеріне қатысты келелі ойларын ортаға салды. Біз де «Абай даналығы» деген тақырыпта баяндама жасадық.
Осы ғылыми-мәдени шара аясында қазақ ғалымы Ерлан Сыдықовтың өзбек тілінде жарық көрген «Шәкәрім» атты еңбегінің тұсаукесері өтті. Өзбекстанның халық ақыны Саидов Сирожиддин – Шәкәрім Абайдың сүйікті інісі екенін тебірене жеткізді. Өзбекстан қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов, «Шәкәрім» кітабын өзбек тіліне аударған ақын Абдулла Рустамовта кітаптың құндылығына тоқталды. Конференция аясында өзбек тіліне аударылған Абайдың асыл мұраларының көрме-таныстырылымы болды.
Түскі астан кейін арнайы көліктермен қонақтарға Ташкент қаласына саяхат ұйымдастырылды. Сол күннің кешінде қонақтардың құрметіне Өзбек Ұлттық театрында өзбек-қазақ өнер иелерінің бірлескен концерті берілді. Кешінде Ташкент телемұнарасы мейрамханасында қонақтарға кешкі ас берілді.
Ташкенттегі ғылыми-мәдени шара – хакім Абай даналығының көкжиегі көркем екенін анық көрсетті.
Тұрдықұл Шаңбай, әдебиеттанушы-философ, Шәкәрім университеті.



