Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі01 сәуір 2022ұстаз, семей рухы

ҰСТАЗ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Шәкәрім шаңырағында «Семей рухы» кешенді жобасы жүзеге асырылуда. Басты мақсат – шапағаты жалпақ қазақ жұртына жеткен туған өлкеміздегі тұлғаларды дәріптеу және олардың рухани мұрасын бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату болып табылады.
Осы ретте, Шәкәрім шаңырағында №9 оқу ғимаратында шәкірттерінің бастамасымен Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Елемес Төлеуұлы Төлеуовтың құрметіне ғылыми мектеп кітапханасы ашылды.
Рәсімге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен марқұмның туыстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының отандық және шетелдік ғалымдары қатысты. Алғы сөз сөйлеген университет басшысы Б.Ердембеков тағылымды шараның маңызы мен ұстаз-ғалымның оқу орынның техника саласында айрықша еңбек сіңіргендігін айтты.
Бауыржан Аманкелдіұлы: «Абай атамыз айтқандай «Ұстазсыз шәкірт - тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» деп адам баласының кісі болып қалыптасуы ұстазға байланысты екендігі баршаға мәлім. Ұстаздың екінші өмірін мәнді де, сәнді қылып, ғалымның атын бүгінгі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы шәкірттерінің арқасы деп білемін» дей келе, шәкірттерінің Елемес Төлеуұлының ғылыми мектебінің тамыры тереңдеп, ғылыми зерттеулерде айтулы жетістіктерге жеткенін көрсету үшін ғылыми мектеп кітапханасын ашып жатқандығы жастарға үлгі-өнеге болатынын тілге тиек етті.
Лента қию рәсімі т.ғ.д., профессор ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ұ.Чоманов пен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының ғылым жөніндегі басқарушы директоры, т.ғ.д., профессор С.Нукешевке берілді.
Ғылыми кітапхананың қорына кафедрада 1993 жылдан бастап жұмыс істеген диссертациялық кеңесте қорғалған 10 докторлық және 85 кандидаттық диссертациялардың авторефераттары, сондай-ақ 11 PhD диссертациялары кірді. Сонымен қатар, Е.Төлеуұлына арнап шығарылған естелік кітабы мен өмірінің негізгі кезеңдері, ғылыми еңбектері бар биобиблиографиясы қойылған. Жетекші ғалымдардың монографиялары, халықаралық ғылыми конференциялардың жинақтары, Е.Т. Төлеуов қатысқан Куба, Германия және Голландиядағы ет өнеркәсібі қызметкерлерінің халықаралық Конгрестерінің жинақтары да оқырманға қауымға арналды. Гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асырылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері, жарық көрген монографиялар, оқу-құралдары, аналитикалық шолулар қойылған.
Сонымен бірге, 2012 жылы Е.Төлеуов атындағы дәрісхана заманауи оқу техникасымен жаңғыртылды.
Дәрісханада ұстаз-ғалымның бірнеше еңбектері, құжаттары, марапаттары, суреттері қойылған.
Игі шара «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін әлемдік азық-түлік хабына түрлендіру: алғы шарттары және болашағы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасын тапты.