Shakarim University профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қауымдастығы және басшылығы ғалым, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровқа Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі бастаманы толық қолдайды!
Профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров – Қазақ мемлекетінің ғасырлар тереңіндегі тарихи болмысын сирек кездесетін, дәлелді картографиялық деректер негізінде жаңа ғылыми деңгейде пайымдауға жол ашқан көрнекті ғалым. Еңбектерінің көлемі, мазмұндық тереңдігі және ғылыми жаңалығы тұрғысынан ол отандық гуманитарлық ғылымның биік жетістігі саналады.
Ғалым жиырма жылдан астам уақыт бойы Еуропаның ұлттық мұрағаттары мен кітапханаларында, корольдік картографиялық қорларда, сондай-ақ Таяу Шығыс пен АҚШ-тың жетекші ғылыми орталықтарында жүргізген ізденістері нәтижесінде алғаш рет IX–XIX ғасырлар аралығындағы қазақ мемлекеттілігінің аумақтық сабақтастығы мен саяси-географиялық дербестігін жүйелі түрде бейнелейтін 5000-нан астам сирек еуропалық және америкалық тарихи картаны жинақтап, оларды ғылыми айналымға енгізді. Бұл ауқымды деректер Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған деңгейде тарихи картографиялық негізге сүйенген тың тұжырымдар жасауға жол ашты.
Брюссель қаласында қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі: тарих толқынында. XV-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті. Атлас» атты қос томдық басылым – қазақ ғылымының алтын қорына енген, ғылыми құндылығы жағынан теңдессіз еңбектердің бірі.
Аталған көне карталар негізінде профессор Сыдықназаров бұрын ғылыми ортада белгісіз болған Қазақ мемлекетінің 20-дан астам ортағасырлық қаласын анықтап, оларды ғылыми айналымға енгізді.
Ғалымның бұл еңбектері тек гуманитарлық ғылым саласына ғана емес, сонымен қатар тарихи жадымызды жаңғыртуға, ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға, Қазақ мемлекетінің әлемдік геосаяси картадағы орнын мойындатуға және оны ғылыми негізде дәлелдеуге айрықша серпін берді.
Аталған ғылыми жаңалықтар бүгінде академиялық білім беру жүйесінде, дипломатиялық ортада, музейлік экспозициялар мен халықаралық ғылыми мекемелерде кеңінен қолданыс табуда.
Профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров тек ғылыми зерттеумен шектелмей, Қазақ мемлекетінің үзіліссіз мемлекеттілігін дәлелдейтін тарихи-картографиялық деректерді кең көлемде насихаттап, халықаралық деңгейде таныту бағытында да ауқымды ағартушылық қызмет атқаруда. Ол Қазақстанның түрлі аймақтарында және шет елдерде ашық дәрістер өткізіп, ғылыми-ағартушылық миссиясын белсенді жалғастырып келеді.
Оның бастамасымен Қазақ мемлекетінің IX–XIX ғасырлардағы тарихи карталарынан тұратын «Қазақ мемлекетінің көне карталар галереясы» атты тұрақты көрмелер Брюссель (Бельгия), Париж (Франция), Лондон (Ұлыбритания), Мәскеу (Ресей), Варшава (Польша), Сан-Франциско және Чикаго (АҚШ), Ташкент (Өзбекстан) қалаларында, сондай-ақ Қазақстанның Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Орал, Түркістан, Шымкент және басқа да қалаларында ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Біз профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың көпжылдық ерен еңбегі Қазақстан Республикасының ең жоғары ғылыми марапатына – Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп есептейміз. Профессор Сыдықназаровты қолдау – ұлттық ғылымды дамытуға, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге және еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтуға қосылған нақты үлес деп білеміз.
Shakarim University ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаровқа Мемлекеттік сыйлықты беру бастамасын толық қолдайды!