Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі15 маусым 2022кездесу, жастар, қандастар

ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫ КИЕЛІ АБАЙ ЕЛІНДЕ БАС ҚОСТЫ

Семей аймағында Абай облысын құру туралы Президенттің бастамасын өңір жұрты ғана емес, дүниежүзіндегі қазақтардың да қуанышпен қабылдағаны сөзсіз.
Бүгін Шәкәрім шаңырағында "Отандастар" Қорының "Киелі Қазақстан" жобасы аясында 9 мемлекеттің 30-дан аса білікті де табысты жастарымен кездесу өтті.
«Отандастар қоры» мен Шәкәрім шаңырағы ұйымдастырған шараға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан Түркия, Иран, Моңғолия, Ресей Федерациясы және Еуропа елдерінің диаспора өкілдері, университеттің қандас жастары, білім мен ғылым саласының қандас ғалымдары, қаланың ақын-жазушылары, жергілікті әкімдік және БАҚ өкілдері қатысты.
Жер жаһанда білім, мәдениет, өнер саласында еңбек етіп жүрген Атақазақ баласының басын қосып, қазақ ұлтының әлемдік деңгейдегі тұтастану үрдісін қалыптастыруды көздеген Шәкәрім университеті қазақ диаспорасына мүмкіндігінше жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті екендігін жеткізді.
Профессор М.Каримов "Шәкәрімдегі қазақ диаспорасының орны" тақырыбында баяндама жасаса, жас ғалым, PhD М.Карибаев шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты зерттеу жұмыстарымен ой бөлісті.
Шет мемлекетте қазақтың атын ғылым, білім, өнер саласында бүкіл әлемге танытып жүрген қандастарымыз – Шәкәрім университетіндегі қандас студенттердің және өнер саласының үздіктері, оқытушылардың концерттік кешін тамашалап ерекше әсерге бөленді.
Жиын соңында университет басшылығы әлемде қазақ халқының абыройын асқақтатып жүрген мәртебелі қандастарға және шараның өтуіне ұйытқы болған "Отандастар" Қорының Президенті Абзал Сапарбекұлының ұжымына алғыс айтты.
Айта кетейік, мәртебелі қонақтарымыз университеттің музейімен және қылқалам шеберлерінің туындыларымен де танысып үлгерді.