Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі15 ақпан 2022сотрудничество, меморандум

АӨК КАДРЛЫҚ СҰРАНЫС: УНИВЕРСИТЕТ ПЕН ӨНДІРІС БАЙЛАНЫСЫН ЖАҢҒЫРТУ

Экономикамыздың көшбасшысы – аграрлық сектор.
Агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) әлеуетін толық іске асыру мақсатында елімізде бірқатар міндеттер қойылған. Осы орайда бүгін Шәкәрім университеті мен Шығыс Қазақстан облысындағы ірі АӨК локомотиві – «Өрнек» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның мақсаты аграрлық секторға қажетті кадрлар даярлау.
Дөңгелек үстел барысында университет басшысы Бауыржан Ердембеков: «Қазіргі уақытта ауылдарды, соның ішінде аграрлық секторды дамытуға көп көңіл бөлінеді. Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етумен айналысады. Әлемді жайлаған коронавирус індеті аграрлық сектордың, азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын айқындап берді. Мен біздің ынтымақтастығымызға өте қуаныштымын және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің кепілі болып табылатын осы салаға өз үлесімізді қосатынымызға сенемін», – деп атап өтті. Сондай-ақ, ректор өндірістік сұранысына сай «Өрнек» ЖШС Жарма және Көкпекті аудандарынан білім алып жатқан студенттерді өндірістік іс-тәжірибеден өтуге жіберу керектігін сөз етті.
Өз кезегінде «Өрнек» ЖШС директоры Ержан Қойгелдин жас мамандардың шаруа қожалықтарында, фермаларда, егістіктерде жұмыс істеуге қызықпайтынын тілге тиек етіп, ауылдық елді мекендерде білікті мамандардың жетіспейтіндігін атап өтті. Сонымен қатар, «Өрнек» ЖШС жұмыс істеуге дайын жас мамандарға жалақы, тұрғын үй мәселесімен көмектесетіндігін айтты.
Меморандум аясында тараптар дуалды оқыту жүйесін дамыту, бірлесіп білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ғылыми жобаларды жүзеге асыру туралы мәмілеге келді.
 
P.S.«Өрнек» ЖШС 1996 жылы құрылған, шаруашылықтың негізгі қызметі өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру. Сонымен қатар, шаруашылық сүтті, етті мал шаруашылығын дамытумен айналысады.