Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі21 сәуір 2022түлектер қауымдастығы

АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН БАЛУАНДАР ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА

Шәкірті биіктен көрінсе ұстаз мерейі артады. Білім ордасының бәсекеге қабілеттілігі түлектерінің деңгейімен өлшенетіндігі баршаға мәлім.
Осы ретте, бүгін Шәкәрім шаңырағына бұрынғы Семей зоотехникалық-ветеринариялық институтының спорт шеберлері ұстаханасы Қазақ КСРО Еңбек сіңірген жаттықтырушылары Серік Тоқтарғазин мен Серік Қоржыкенов бастаған университет түлектері Халықаралық дәрежедегі төреші Қайыртай Оразалинов, ҚР дзюдо федерациясының төрешілер алқасының төрағасы Мұқсым Нұртазин, самбоның серкесі Зекен Шаймарданов, Қазақстан Республикасының спорт қайраткері Аман Шәріпов, қазақ күресінен спорт шебері Қуат Калиев , самбодан Азия чемпионы Меруерт Қиақбаева және Көркем гимнастикадан КСРО спорт шебері Валерия Моисеева келіп қайтты. Арнайы қонақ ретінде «Қазақстан барысы» турнирінің күміс және қола жүлдегері, Қазақ және самбо күресінен әлем чемпионы Шалқар Жоламанов шақырылды.
Кіріспе сөз сөйлеген Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Берікхан Иісбек шараның маңыздылығына тоқталып, университет түлектерімен тығыз қарым-қатынас орнату керектігін айтты.
Кездесудің мақсаты – студент жастар арасында патриоттық рухани тәрбиені өрістетіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру, Қазақстанда спорттың дамуы мен оны насихаттау арқылы жастарды спортқа баулу. Тағылымды кездесуді Ветеринария және агроменеджмент факультеті ұйымдастырды.
Шарада сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облыстық бұқаралық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Зекен Шаймарданов қара шаңырақта талай мықтылар шыққандығын тілге тиек етіп, бүгінгі таңда сол үрдісті жалғастырып жатқан, ағаларының жолын қуған мықты спортшылар бар екендігін айтты.
«Барлығын тізбектемей-ақ, қазақ күресінен әлем мен Азияның төрт дүркін чемпионы, «Қазақстан Барысы» жобасының екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров, «Қазақстан Барысы» жобасының 2014 жылғы жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, танымал дзюдошы, «Қазақстан Барысының» екі дүркін күміс жүлдегері Ерасыл Қажыбаев және тағы басқа саңлақтар дәл осы шаңырақтың түлектері екенін айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын»,- деді Зекен Сүлейменұлы.
Екі сағат уақыт көлемінде студенттер спортшылардың өміріне, дайындығына, алдағы жоспарларына, қазақ күресінің бүгіні мен болашағына қатысты қызықты сұрақтарын қойды.