Сөз өнеріне өзгеше өрнек салған кемеңгер жазушы, қазақ поэзиясының пайғамбары Абай есімін жұртына танытқан, әлемге таныстырған Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толды. Шәкәрім университетінде қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне өзіндік үлес қосып келе жатқан айтулы тұлғалар «МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ҰЛТ ӨРКЕНИЕТІ» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында бас қосты.
Алқалы шараға күллі Қазақ еліне белгілі әуезовтанушы ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылар, Абай облысының әкімдігі, Абай облысының мәслихаты, Нидерланды, Түркия, Қытай және Өзбекстан елдерінен ғалымдар қатысты. Конференция жазушының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Игі іс-шара М.Әуезовтің кемеңгерліген, қазақ және әлем әдебиетіндегі аударма мәселесін, даралығы мен рухани мұрасын насихаттауға арналды.
Жиынның салтанатты ашылуын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және абайтанушы-академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Shakarim University түлегі Ғарифолла Есім мен Әлішер Науаи атындағы өзбек тілі мен әдебиеті Ташкент мемлекеттік университетінің профессоры Абдулла Улугов Мұхтар Әуезовтің Ұлылар еліндегі орны мен ұлт өркениетіне қосқан үлесін айтып, конференцияның табысты өтуіне тілектестіктерін білдірді.
Shakarim University Басқарма төрағасы –ректор Бауыржан Ердембеков: «Шәкәрім университетінің миссиясы – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман ғана дайындап қою емес, бастысы Абай аңсаған, Әуезов армандаған толық адам, кемел тұлғаны қалыптастыру. Университеттегі «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы осы бағыттың ұйтқысы болуда. Барлық мамандықтарда «Абай әлемі» пәні оқытылады. «Абай әлемі» пәнін оқыған әрбір студент абайтанушы, не мұхтартанушы болып кетпес, бірақ ізгілікке шақырған тұлғалар сөзі әр студенттің жүрегіне тұнса – онда біздің мақсатымыздың орындалғаны».
Тағылымды шара барысында ф.ғ.д., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Дандай Ысқақұлы «Мұхтар Әуезовтің аудармашылық өнері», Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез «Көксеректің көзімен Мұхтар Әуезов», ф.ғ.д., профессор Еспенбетов Арап «Мұхтар Әуезовтің бір мақаласы хақында», ф.ғ.к., доцент Әубәкір Жандос «Мұхтар Әуезовтің даралығы», Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры, ф.ғ.д., Қартаева Айжан «Мұхтар Әуезов мұрасындағы түркі әлемі» тақырыптарында баяндама жасады.
Конференция аясында қатысушылар жазушының әдеби мектебі, өзі негізін қалаған «Абай» журналының бүгінгі тағдыры, ғылыми өмірбаяны, ұлттық құндылық, ана тілі, Әуезов шығармаларын сахналандыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Сонымен қатар жиында әлемдік деңгейдегі монументалды өнер туындыларын Әуезовтің көркем шығармаларындағы кейіпкерлерге арналған композициялық ескерткіштер мен IT өнімдер, анимациялық туындыларын жасау керектігі айтылды.