Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 қараша 2023ынтымақтастық, ғылыми әлеует, қаржыландыру жобалары

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮЙЕСІН ЖАСАУ

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков бастаған делегация өкілдері Курчатов қаласының Ядролық технологиялар паркіне жұмыс сапарымен барып қайтты.
Іс-сапар барысында делегация өкілдері Ядролық технологиялар паркінің материалдық-техникалық базасымен танысып, ғылыми зерттеу жұмыстарының бағыттары және зерттеу нәтижелерін көрді.
Ядролық технологиялар паркінің негізгі мақсаты - тиімді инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және жоғары технологиялық компаниялар мен ғылыми зерттеу институттары арқылы Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуына үлесін қосу.
Кездесу нәтижесінде Шәкәрім университеті және Ядролық технологиялар паркі екі жақты ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасасты. Келісім аясында тараптар бірлескен ғылыми жобаларды орындауды, гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарға қатысуды, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу мүмкіндіктері және білікті мамандарды даярлауды іске асырады.
Айта кетейік, білім ордасының ғалымдары Ядролық технологиялар паркімен бірлесе ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған “Тамақ өнімдерін ұзақ сақтау үшін электрофизикалық және радиациялық тәсілдермен өңдеуге негізделген азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін жасау” ғылыми бағдарламасының жеңімпазы атанды. Қаржыландыру көлемі – 450 млн.тг құрайды. Алдағы уақытта ғалымдар бірлескен ғылыми бағдарлама аясында тың зерттеулерін бастайтын болады.