Студенттердің әлеуметтік және қоғамдық белсенділігін дамыту – Шәкәрім университетінің стратегиялық басымдықтарының бірі. Бұл бағытта білім алушылардың өзін-өзі басқаруын дамыту, студенттердің корпоративтік мәдениет деңгейін көтеру және оларды тұлға ретінде қалыптастыру үлкен маңызға ие. Осы мақсатты жүзеге асыру бағытында бүгін Басқарма төрағасы - Ректор Бауыржан Ердембеков университеттің белсенді жастарымен кездесті.
Кездесу барысында университет басшысы студенттердің тұрмыс жағдайын білу үшін жатақханаларды аралап, ондағы студенттермен кездесетіндігін, университетте жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі студенттер арқылы бағаланатындығын сөз етіп, барлық сауалдар мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екендігін айтты.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетіндігін, университетте 6 сайлау учаскесі қызмет атқаратындығын атап өтті.
Студенттердің сұрақтарына жауап берген ректор заманауи студенттердің білім беру саласындағы технологияларды меңгерудегі мүмкіндіктерін айтып, оқу үдерісінде қолданылатын платформалардың ерекшеліктеріне тоқталды. Университеттің инфрақұрылымдық және техникалық оқу құрылғыларымен қамтамасыз етілу мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатқандығын, мәселені толық шешу қаражат пен уақытты қажет ететіндігін түсіндірді.
Бейресми кездесуде академиялық ұтқырлық, қосдипломды білім беру мәселелері айтылды. Ғылым, білім, стартап жобаларға қатысты сауалдар қойылды. Оқу орнында студенттік үйірмелердің көбейту мәселесін де айтты. Білім алушылар әлеуметтік кредит төңірегінде сауалдарын қойды.
Екі жақты тиімділікке негізделген жиында Бауыржан Аманкелдіұлы сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, айтылған ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын жеткізді.