Еліміз биыл аса бір күрделі де, салмақты саяси жаңаруға бет бұрды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Әділетті ұлт. Біртұтас мемлекет. Берекелі қоғам» атты Жолдауында күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің территориялық біртұтастығын сақтай отырып, еліміздегі қордаланған саяси-экономикалық мәселелерді шешудің тың тетігін іске қосу уақыт күттірмейтін мәселе екенін айқындап берді. Реформаларды толыққанды жүзеге асыру мақсатында мейлінше мұқият әрекет етіп, ұзақ мерзімді мүддеге жұмылу қажеттілігі баса айтылды. Бұл өзгеріс қоғамға не үшін қажет деген сұрақтың туындауы табиғи заңдылық. Бұл – мемлекеттік билікті монополизациялаудың алдын алудың бір тетігі.
Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлау, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі халық екені анықталған. Сайлау –азаматтық қоғамның аса маңызды институты, қазіргі заманғы жағдайларда азамат еркінің көрінісі қызметін атқаратын халық билігін тікелей іске асыру нысаны. Сайлау арқылы өкілді билік органдарын қалыптастыру, сондай-ақ Президентті сайлау қазіргі демократиялық республикалардың негізгі элементтерінің бірі және түпкі негізі. Сайлау, сайлау құқығының нормаларымен реттелетін рәсім ретінде, белгілі бір қағидаттарға негізделеді. Жалпы, сайлау және сайлану құқығы Қазақстан Республикасы азаматының ең басты саяси құқығы. Сайлау арқылы азаматтар мемлекеттің өкілетті, заң, сот, атқару органдарын қалыптастыруға қатысады. Ол азаматтардың саяси құқығының жүзеге асырылуын білдіреді. Сайлау барысында халықтың қалауы бойынша басқарушы элита алмасады, билік бір қолдан екіншілерге бейбіт жолмен беріледі. Сонымен қатар ол халықтың басқарушы элита өз жұмысын қалай атқарып отырғандығына бақылау жасау мүмкіндігін де береді. Сайлауда дауыс беру арқылы әркім өз болашағына ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Ата Заңында өзін құқықтық мемлекет деп жариялаған. Сайлау арқылы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қалыптасады. Сол арқылы адамның болашағына әсер етеді, бұл жағдайды барлық қазақстандықтар түсінуі керек. Сайлау таңдау жасаудан бұрын, азаматтық құқықтық қатынасты жүзеге асыратын мүмкіншілік. Еліміздің басты құндылығы адам және оның өмірі, азаматтардың өзін қауіпсіз сезінуі десек, сайлаудың маңыздығы тіпті арта түседі. Азаматтардың сайлау институтын қолдап, қоғам ішінде саяси, мемлекеттік институттарға сенім артуы, таңдау жасаудан басталады. Сенімсіздік келешекте Тәуелсіздігімізге, мемлекеттілігімізге үлкен зиян әкелуі мүмкін. Сайлау – саяси науқан. Бірақ Президент сайлауы туралы сөз болғанда мұның саяси ауқымы, елдік мұраты, халықтық қасиеті барынша кең ауқымға айналып шыға келеді. Өйткені, халық қашан да әділ сайлау мен әділетті сенімге иек артқан. Сол арқылы өзінің де болашақ баянына сенімділік тұғырын орнықтырған.
Ағымдағы жылдың 20 қарашасына белгіленген еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауына қазақстандықтардың ат салысуы және дауыс беруі әрқайсымыздың ұстанымымызды, таңдау құқығымызды айшықты көрсетті. Сайлауда әркім өзінің дауыс беруі қажеттігін түсіне білді. Өйткені, азаматтық құқығын пайдалану арқылы әркім өзінің болашағына ықпал етеді. Әр қазақстандықтың бүгінгі жасаған таңдауы арқылы ертеңімізді айқындайды. Сондықтан демократиялық ұстанымға бағыт алған қоғамда кез келген саналы азамат сайлауда дауыс беруін тек қана құқығы ретінде емес, міндетім деп те қабылдауы қажет. Азаматтардың, соның ішінде жастар сайлауға қатысу мәселесі бүгінгі күнге дейін өзекті болып келеді, өйткені бұл адамдар категориясы халықтың ең белсенді әлеуметтік бөлігі болып табылады. Олар қоғам дамуының деңгейін көрсетеді, болашақтың көрінісін қалыптастырады. Сондықтан да жастардың сайлау процесіне қатысу мәселесі өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда президент сайлауындағы жастардың белсенділігі басым болды. Бұл бізге болашағымыздың жарқын болатындығын сезіндірді.
Қазақстандықтар ел тағдырын сеніп тапсыратын маңызды қадам жасады, өз Президентін сайлады. Осы күннен бастап Қазақстан үшін тарихи-демократиялық дамудың жаңа сапары басталды. Ел назары президенттік лауазымға лайықты Қазақстан азаматына ауады, қоғамдық ойдың қозғаушы күші халықтың бір мақсатқа ұмтылған мұратын айқындап береді. Бұл – уақыт талабы. Қазақстан халқы осынау саяси жаңғырудың мән-мақсатын, идеялық ұстанымын, жалпыұлттық тұжырымын кең көлемде қолдай отырып, ел дамуының елеулі кезеңі, тағдыршешті жолы ақыл мен пайымға, саяси сауаттылық пен сарабдал ойға, азаматтық көзқарасқа жүгінетініне сенеді. Осы тұрғыдан келгенде, президенттік сайлау елдің рухани-саяси есеюінің, азаматтық тұрғыдан, мемлекеттік пейілден ұлттық ұжымдасуға дайын екендігін көрсетті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның жаңа жолын, келер күндерін нұрлы белеске алып шығады деген ойдамын. Мемлекет басшысының әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам қағидаттарына негізделген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» атты сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуына толық мүмкіндік туды. Ел болашағы тұлғаның қолында, тұлғаның болашағы – елдің жолында!
Нәзигүл Газизова
педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымд.профессор