Бүгін Шәкәрім университетінде Ғылым апталығы аясында дәстүрге айналған «INTELLECTUAL BATTLE» танымдық-интеллектуалдық ойынының финалдық кездесуі өтті. Елдің интеллектуалдық капиталы мен қоғамның дамуы білім және ғылым арқылы, рухани құндылықтар арқылы қалыптасады. Осы міндетті мақсат тұтқан Кәсіптік бағдар беру және қабылдау комиссиясы бөлімі шараны жоғары деңгейде өткізді.
Биылғы байқаудың ерекшелігі аудан мектептерінің көптеп қатысуы. Сайысқа Үржар, Аягөз аудандарының мектептері мен қалалық мектептер қатысты. Олардың ішінде, М.Хасенов атындағы Бестерек орта мектебі, Қалалық қазақ мектеп-лицейі, Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясы, Қ.Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясы, Семей қ. №16 орта мектебі, Науалы орта мектебі, Қарабұлақ орта мектеп-бақшасы және Экономикалық лицей бар.
Финалдық кездесу 3 айналымнан тұрды. 1 айналымда мектеп бағдарламасындағы жеті пәннен қиындық деңгейіне байланысты 10 балл, 20 балл, 30 балдан тұратын 21 сұрақ қойылды. Айналымның 3 кезеңінде «Kahoot» бағдарламасы пайдаланылды. Kahoot — мектеп және басқа да оқу орындарында қолданылатын ойын түріндегі оқыту платформасы. 3 айналымда әр командадан бір ойыншы ғана өз смартфоны арқылы жауап берді. Сайыста жоғары ұпай жинау үшін жауаптың дұрыстығымен қатар жылдам берілуі үлкен рөл ойнайды.
Сайыс нәтижесі бойынша «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған командалар тізбегі төмендегідей:
1 орын - Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясы;
2 орын - Семей қ. №16 орта мектебі;
3 орын - М.Хасенов атындағы Бестерек орта мектебі. Ал «үздік ойыншы» номинациясына Семей қ. №16 орта мектебінің оқушысы Алтынай Мухамадиева ие болды.
Жеңімпаздарды жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, биік белестерді бағындыруды тілейміз!
Айта кетейік, 12 сәуір күні «I go to Shakarim» фестивалі өтетін болады. Мектеп түлектерін күтеміз!