Шәкәрім университетінде «Қазақстан кәсіподақтары күніне» арналған “Кәсіподақ - қоғамның ұйытқысы” атты салтанатты кеш өтті. Салтанатты жиынға «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» Абай облысының кәсіподақ ұйымы бірлестігінің» төрағасы Сабит Ибраев және Ұйымдастыру істері жөніндегі маманы Ұлжан Воказе, сондай-ақ университет қызметкерлері қатысты.
Іс-шараны Кәсіподақ ұйымының төрайымы Қарлығаш Құрмамбаева ашып, алғы сөзді университет ректоры Думан Орынбековке берді. Ол өз сөзінде әріптестерді мерекемен құттықтап, кәсіподақ ұйымының маңыздылығына тоқталып өтті.
-Кәсіподақ қоғам, халық пен мемлекет арасындағы делдал болып табылады. Кәсіподақтың қызмет ауқымы кең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіподақ мүшелеріне де үлкен міндет жүктеді. Маңызды құжатта ертеңгі күнге сенімді еселей түсетін елеулі өзгерістер жөнінде кеңінен айтылды. Бұл орайда кәсіподақтарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Бүгінде заман талабына сәйкес кәсіптің түрлері көбеюде, еңбек формасы өзгеруде. Ендеше кәсіподақтардың жұмысы да заман талабына ілесіп, уақыт тынысымен үндесіп отыруы тиіс,– деді Думан Рымғалиұлы.
Салтанатты кеш қонағы «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Сабит Ибраев кәсіподақ қозғалысының тарихына тоқталып, жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, кәсіподақ қозғалысына қосқан елеулі үлестері үшін бірқатар қызметкерлерді Облыстық кәсіподақ алғыс хаттарымен марапаттады.
Жиын барысында Кәсіподақ ұйымының төрайымы Қарлығаш Құрмамбаева атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар, белсенді кәсіподақ мүшелеріне «Әлеуметтік қолдау» сертификаттары табысталса, жаңадан кірген мүшелерге кәсіподақ билеттері табыс етілді.
Кеш соңында «Шәкәрім маршы» әні шырқалып, жиналған қауым естелік суретке түсті.