Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі08 қазан 2024шәкәрім университеті

МАҚСАТ – ӨЛКЕ ТАРИХЫН ТҮГЕНДЕУ

Shakarim University-де «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Өлке тарихын түгендеуге арналған іс-шараға  Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры , т.ғ.к. Ақан Оңғарұлы,  аталған институттың жетекші ғылыми қызметкері, PhD Азат Айтқали, Назарбаев университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасының оқытушы ассистенті, археолог Айдын Жүнісханов, Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Біріккен археологиялық зерттеу орталығының директоры Виктор Мерц, Абай облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының директоры Бекзат Ахметбаев, Шәкәрім университетінің профессорлары: Мұқтарбек Кәрімов, Амантай Исин, сондай-ақ, университеттің «Тарих және археология» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Еркін Рахметуллиндер қатысты.

 

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков  оқу ордасының биылғы 90 жылдық мерейтойын той тойлайтын емес, ой ойлайтын іс-шараларды көбірек ұйымдастыру арқылы мазмұнды өткізуді мақсат еткендерін айтып, оқу орнының тарихшылары тарапынан өлке тарихын зерттеуде жүйелі жұмыстардың жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Былтырғы жылы Алматыдағы Ә. Марғұлан атындағы археология институмен өзара ынтымақтастық туралы  Меморандум жасалғанын, осы меморандум арқасында университет ғылыми зерттеулер байқауына қатысып, тек тарих бағыты бойынша үш гранттық бағдарлама ұтып алғанын жеткізді.  Бұл жоба шеңберінде Абай облысында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, бұрын зерттелмеген тың деректерді ғылыми айналымға қосу көзделіп отыр. 

 

Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы өз сөзінде жоғарыда аталған жоба аясында қола дәуіріне көп мән беріліп отырғанын, мұндағы негізгі мақсат Абай облысына қатысты қандай мәліметтер бар, соларды  жинақтау, жүйелеу, сараптама жүргізу, археологиялық нысандардың орналасқан картасын  жасау екендігін айтты. Тас дәуірі, қола дәуірі, ерте темір дәуірі, орта ғасыр сынды әр кезең бойынша қазба жұмыстарын бастау үшін  жылына 7-9 экспедиция ұйымдастыру жоспарланып отыр.  Осылайша облыс аумағындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу бойынша бірлескен жұмыстар ауқымды болады дейді мамандар.

 

«Абай облысында көптеген тарихи-археологиялық ескерткіштер болғанмен, осы күнге дейін бұл аймақ жеткілікті деңгейде  зерттелмеген еді. Біздің жобамыз  осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.  Бұл ретте алдымызға бірқатар міндеттерді қойып отырмыз. Олардың біріншісі – материалдарды жинау және цифрлау. Бұл дегеніміз Абай өңірінің ескерткіштері бойынша тас дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейін анықталған барлық материалдарды жүйеге келтіру және талдау. Екінші, деректік базасын құру,  яғни қазіргі заманғы  әдістерді пайдалана отырып, әртүрлі хронологиялық кезеңдердің негізгі нысандарын карталау арқылы ескерткіштердің нақты құжаттық топографиясын жасау. Үшінші, ең ауқымды бағыттардың бірі – далалық жұмыстар. Ол мәдени-хронологиялық тұрғыдан алғанда бірнеше үлкен бағыттарға бөлінеді. Сонымен қатар, пәнаралық және зертханалық зерттеулер де өте көлемді әрі жауапты жұмыстардың бірі. Біздің жобамыздың негізгі құрамдас бөлігі – студенттермен жұмыс. Сондықтан студенттерге толыққанды білім беру үшін 2025-2026  жылдары екі жазғы мектеп ұйымдастырамыз»- деді Азат Айтқали жоспарланған жұмыстарға кеңінен тоқталып. 

 

Университет ғалымдары ұтып алған үш гранттық жобаның бірі - «Шәкәрім қажының саятқорасы» тарихи-этноархеологиялық зерттеу жобасының жетекшісі Мұқтарбек Кәрімов жоба бойынша қолға алынып жатқан зерттеу жұмыстары жайынан хабардар етті. Ол, бір өкініштісі, өңіріміздегі тарихи ескерткіштерге деген жанашырлықтың төмен екенін күйіне жеткізді. 

 

Семей өңірінде ұйымдастырылатын археологиялық экспедициялардың үнемі басы-қасында жүретін Амантай Исаұлы облысымызда археологиялық зерттеу жүргізілмеген өңірлер көп болғандықтан, тарихымызды түгендеу сияқты ортақ мүддеге талпыныс жасауымыз керек деп түйіндеді.