Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі05 қазан 2022меморандум, ынтымақтастық, мектеп пен жоо

МЕКТЕП ПЕН ЖОО ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ НЫҒАЮДА

Әлеуметтік саланың іргелі тармағы – білім саласын заман талабына бейімдеу. Жоғары оқу орны мен мектеп білімді, еркін ойлы, ерік-жігері мықты ұрпақ тәрбиелеу бағытында бірлескен жобалар атқаруда.
Осы орайда Шәкәрім университетінің делегациясы Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясына жұмыс сапарымен барып қайтты.
Сапар барысында Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова мен №37 мектеп гимназиясының директоры Жанат Малгаждарова ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Индира Оралканова өз сөзінде Шәкәрім шаңырағы еліміздің педагогикалық білімінің флагманы ретінде мектептермен өзара әрекеттесу мақсатын қоятынын баса айтты. Проректордың айтуынша, ынтымақтастық аясы өте кең.
Шара университет студенттеріне кәсіби дағдыларды дамытуға, білім алушылардың тағылымдамадан өтуі мен түлектердің жұмысқа орналасуына көмек көрсетуге, зияткерлік элитаны қалыптастыруға, бірлескен мәдени-білім беру бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруға, жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектеп оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған.
Меморандум аясында өскелең ұрпақтың азаматтық санасын қалыптастыру үрдісін ғылыми-талдамалық және сараптамалық қамтамасыз ету, жалпы және қосымша білім берудің құрылымы мен мазмұнын жетілдіруді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету; нысаналы әлеуметтік маңызы бар жобалар мен іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру; тараптардың қызметін жақсартуға бағытталған бірлескен инновациялық жобаларды дайындап жүзеге асыру; білім, ғылым және тәрбие салаларында тәжірибе мен біліммен, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын ақпаратпен алмасу көзделген.
Сондай-ақ "Қазақ тілі мен әдебиеті" білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар педагогикалық тәжірибеден өтеді. Университет тарапынан жұмыс тобы құрылып, мектептің әр бағыты бойынша дамыту жұмыстары жүргізілетін болады.