Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі07 желтоқсан 2022ынтымақтастық, білім алушылар, дуалды оқыту, кәсіптік бағдар беру

МЕКТЕП - ЖОО - КӘСІПОРЫН: КӘСІПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ИНТЕГРАЦИЯСЫ

Мемлекет жоғары білім беру саласының әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін алға тартып, ЖОО техникалық бағыттағы мамандықтарға көбірек назар аудару қажеттігін назарға алуда. Аталған бағытта Шәкәрім университеті қала мектептері, ЖОО мен кәсіпорындар арасында «Үштік оқыту моделі» жобасын іске асыруда.
Шәкәрім университетінің делегациясы «Семей инжиниринг» ЖШС бірлесіп, Семей қаласының №9 жалпы орта білім беретін мектеп-кешені ұйымдастырып отырған «Ғылыми таным марафоны» мектеп ағарту жобасына қатысты. Марафон барысында №9 мектеп директорының м.а. Б.Каримова, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор И.Оралканова, «Семей инжиниринг» ЖШС өкілі А.Арынов ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор И.Оралканова мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайта түсуде дуалды білім беру жүйесінің маңызыдылығын атап өтті.
Қазіргі білім беру жүйесінде жоғары сынып оқушыларының кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруін, арнаулы бейімділігі мен қызығушылықтарын, танымдық қабілеттерін ескеруіміз керек. Дәстүрлі оқыту жүйесіндегі жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар циклі оқушылардың болашақ мамандықтарын толықтай танып-білулеріне мүмкіндік бермейді. Өскелең ұрпақтың дұрыс кәсіби бағдар алу ісі мектеп қабырғасынан басталуы қажет. Осы бағытта үштік оқыту жүйесінің оң нәтижесін беріп, жемісті боларына сенім білдіремін, – деді проректор.
Бірлескен жоба мақсаты – «Мектеп – ЖОО – Кәсіпорын» үштігінің ықпалымен жалпы және бейіндік білім беруді бір жүйеге біріктіріп, сапалы мамандар даярлау ісіне ықпалдасу. Меморандум аясында инновациялық білім беру және ғылыми қызмет саласындағы ынтымақтастық, дарынды балаларды анықтау және қолдау, болашақ инженерлік-технологиялық мамандарды сапалы даярлау мақсатында оқу үрдісіне үштік оқыту жүйесінің элементтерін енгізу көзделеді. Яғни, жалпы білім беру ғылыми бағдарламалар мен жобаларды іске асыру, білім алушылар арасында ерте кәсіптік бағдарлау жүйесін дамыту, іс-тәжірибе жұмыстарын кәсіпорындарда тиімді ұйымдастыру – аталған жобаның басты бағдары болмақ.
Жиын барысында Инженерлік-технологиялық факультетінің оқытушылары Ержан Шаяхметов, Нұрлан Түсіпханов, Тоғжан Мұхамедиярова машина жасау, қала құрылысы салалары бойынша баяндама жасап, болашақ студенттерге кәсіптік білім беру бағдарламаларын таныстырды.
Шара соңында Шәкәрім университеті мен №9 ЖОББМ арасында дуалды білім беру тәжірибелерін нығайту бағытындағы ұсыныстар сараланып, бірлесіп атқаратын жұмыс жоспарының мазмұны қарастырылды.