Бүгін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Шәкәрім университетінің 90 жылдық мерейтойына орай білім ордасының бүгінгі тынысымен танысты. Әкім заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтарды аралап, университеттің ғылыми-техникалық базасына ерекше қызығушылық танытты.
Сапар барысында әкім университетте жүзеге асырылып жатқан бірқатар ғылыми жобалар мен жетістіктерді көрді. Нұрлан Телманұлы алдымен «Радиоэкологиялық зерттеулер» ғылыми орталығында болды. Орталық химиялық талдауды, сканерлейтін электронды микроскопияны, дозиметрияны, радиациялық бақылауды қамтитын аналитикалық әдістермен заттардың қасиеттерін зерттейді. Орталықта бірнеше зертханалар бар. Олардың қызметі аймақтың радиоэкологиялық қауіпсіздігін зерттеуге бағытталған.
Бұдан бөлек, «Материалдардың бетін түрлендіру» ғылыми-зерттеу орталығының тыныс-тіршілігін көрді. Зерттеу орталығы ғылыми идеяларды жүзеге асыратын физика, математика, информатика, химия мен инженер бағытындағы жас мамандарды біріктіреді. Аталған орталықтарда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ғылыми жобалар іске асуда.
-Шәкәрім университетінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесіне бағытталған көлемі 450 млн теңгені құрайтын Семей өңіріндегі алғашқы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми-зерттеу жұмысы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының қаржылай сомасы 1,5 млрд.теңгеге жуық көлемді құрайды,- деді университет ректоры Думан Орынбеков.
Өз кезегінде аймақ басшысы инновация деңгейіне құрметпен қарайтынын айтып, бұл зерттеудің өңірдің болашақ дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Әкім идеялар мен ұсыныстарды тыңдап, ынтымақтастықтың алдағы мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар, білім ордасының белсенді студенттеріне TED Talks форматындағы «Әкім дәрісі» өткізілді. Дәріс барысында облыс әкімі IT саласы мен жасанды интеллектті дамыту жоспарына тоқталды. Ол креативті индустрияның және жастардың ғылыми зерттеулері мен стартаптарын қолдаудың маңыздылығын айтты.
Облыс әкімінің ЖОО-ға сапары – өңірдегі ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамыту үшін маңызды кезең. Ол университет пен билік арасында серіктестік орнатуға ықпал етеді, сондай-ақ студенттер мен аймақтық билік өкілдерінің белсенді өзара әрекеттестігін қолдайды. Бұл инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріп, өңірдің экономикалық дамуына септігін тигізеді.