Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі06 қыркүйек 2022кездесу, жолдау, ынтымақтастық қатынас

ОБЛЫСТА АЛҒАШҚЫ «SARAP» ЭКСПЕРТТІК КЛУБЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Шәкәрім университетінде «Жолдау - 2022: Әділетті Қазақстан жолында» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті.
Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Іс-шараға университет басшылығы, қала әкімдігі, мемлекеттік органдардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен білім алушылар қатысты.
1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын жария етті.
Жиын «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті. Ол өз сөзінде Жолдаудың бағыты экономиканың сапалы және инклюзивті өсуіне және азаматтардың әл-ауқатына бағытталғанын атап өтті.
«Жалпы бүгінгі Жолдаудың басты тетігі – Әділетті Қазақстан. Әрбір қамтылған бағыт елдегі саяси тұрақтылықты сақтау үшін жасалып жатыр. Яғни, ол ішкі тұрақтылыққа кепіл болады. Сонымен бірге, атқарушы билік, Үкіметке де сын айтылды. Кез келген бастаманы жүзеге асырушы – ол Үкімет. Осыған сай, алдағы уақытта жергілікті басқарушы органдардың жұмысы оңтайландырылады», - деді Қазбек Өмірзақұлы.
Шара барысында талқыланған негізгі тақырып – Президент Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған, елімізде қордаланған мәселелерді шешу жолдары, халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған, мемлекетті одан әрі жаңғырту жөніндегі әлеуметтік қолдау шараларына қатысты жаңа міндеттер.
Қатысушылар басқосу барысында өз ойларын бөлісті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаев жастарға бүгінгі таңда үлкен сенім артылғандығын айтты. Басқарма мүшесі Берікхан Иісбек жастарға 2,5% жеңілдікпен берілетін несиенің студенттерге де берілуін, стартап жобаға қатысуға мүмкіндік беру қажет екендігін тілге тиек етті. Саясаттанушы Самат Нұртаза Жолдауда айтылған жолдардың сапасын арттыру жөніндегі бастама экономиканың дамуына серпін беретінін айтты. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бастамасына пікір білдіре отырып, бұл жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Басқосудың соңында #Sarap талқысының нәтижесінде арнайы қарар қабылданатыны айтылды. Барлық ұсыныстар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне резолюция ретінде жолданбақ. Сарапшылар алаңы енді Жолдау кезінде ғана емес, одан кейін де жұмысын жалғастырып, қоғамдық-саяси процестерді назарда ұстамақ ниетте.