Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі06 ақпан 2024высшая школа, ученики

ОҚУ-АҒАРТУ САЛАСЫНЫҢ ДЕЛЕГАТТАРЫ SHAKARIM UNIVERSITY КЕЛДІ

Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова бастаған делегация өкілдері Шәкәрім университетіне жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында білім ордасының жанынан ашылған «Shakarim High School» жоғары мектебінің тыныс-тіршілігін көріп, материалдық-техникалық базамен танысты. Өз кезегінде Майра Тұрғанбайқызы Шәкәрім шаңырағының алдағы жоспары ауқымды екенін тілге тиек етіп, білім ордасының бүгінге дейін атқарылған жұмыстары аз емес екенін атап өтті.
ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың IT және тілдерді тереңдетіп оқытатын жоғары оқу орындарында мектептер ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Shakarim High School» жоғары мектебі 10-11 сыныптар бойынша өз жұмысын бастады. «Shakarim High School» қызметі талантты оқушыларды қолдауға, IT, тілдік және педагогикалық білім беруге бағытталған.
Жиында делегация өкілдері «Мектеп-колледж-ЖОО» арасындағы интеграцияны орнату, ұлттық білім сапасын арттыру және т.б. мәселелер туралы сөз етті. Сондай-ақ, жоғары мектептің оқушыларымен тілдесіп, АҚШ, Оңтүстік Корея және Түркия елдерінен келген оқытушылармен танысты.
Жоғары мектепте білім алушылар ерте жастан бастап студенттердің қатарында өздерін еркін сезінуге, студенттік ортамен танысуға және академиялық өмірге қатысуға мүмкіндіктері бар. Бұл таңдалған саланы тереңірек түсінуге және болашақ білім беру жолына дайындалуға ықпал етеді.
Анықтама: Жоғары мектепте 2023-2024 оқу жылын 6 сынып, 144 оқушымен бастады. Оның 4-уі – қазақ, 2-уі – орыс сыныптары. Мектеп тіл үйрету мәселесі мен IT бағытына ерекше көңіл бөлінеді. Білім алушылар шетелдік оқытушылардың дәрістеріне, тәжірибелік жұмыстарына қатысуда. Қазіргі таңда түрік, кәріс және ағылшын тілдерін еркін үйреніп жүр. Бұл аспект оқу үдерісіне халықаралық сипат беріп, білім алушыларды әлемдік білім беру кеңістігіне табысты интеграциялауға дайындайды.
«Shakarim High School» мектебі өңірдегі жоғары сынып оқушылары үшін – білім беру тәжірибесін байытатын, табысты болашаққа дайындайтын бірегей мүмкіндік!