Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 қазан 2021меморандум

ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН ІСКЕРЛІК КЕЗДЕСУ

Цифрландыруды дамыту және әлемдік экономикадағы ілгерілеу жағдайында қаржы мамандықтарын дамыту проблематикасы бүгінгі күнгі өзекті тақырыптардың бірі. Осы орайда Шәкәрім университетінің Ғылым департаментінің қолдауымен және «Экономика және қаржы» кафедрасының ұйымдастыруымен қазан айының 27 күні «Қаржы мамандықтарының форсайты» атты дөңгелек үстелі өткізілді.

Дөңгелек үстелдің мақсаты:
– экономика саласындағы жас мамандардың құзыреттілігі мен кәсіби қасиеттерін қалыптастыру мәселелері бойынша әлеуетті жұмыс берушілермен конструктивті ынтымақтастық нысандарын қарастыру;
– экономикалық білім беру бағдарламалары бағытында дуальді оқытуды дамыту;
– түлектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында университеттің жұмыс берушілермен өзара тиімді байланысын жолға қою.

Форсайт кездесуге университет басшылығы, өңірлік банк филиалдары басшылары мен ұйым жетекшілері қатысты. Алғы сөз университет басшысы Б.Ердембековке берілді.

«Шәкәрім шаңырағы Семей қаласында қызмет атқарып отырған барлық екінші деңгейлі коммерциялық банктермен жақсы қарым-қатынаста. Қаржы бағытындағы студенттеріміздің өндірістік тәжірибеден өтуі барысында өздеріңіздің көмектеріңізді көріп отырмыз. Біздің бірлескен жұмысымыз өте нәтижелі болатынына және тақырыпты талқылау барысында жас мамандарымызды даярлаудың күшті және әлсіз жақтарын анықтай аламыз, сондай-ақ дөңгелек үстел нәтижелері бойынша ынтымақтастығымыздың алгоритмін бірге жұмыс жасай отырып әзірлейміз»,- деді Басқарма төрағасы.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында университет басшысы екінші деңгейлі банктерде кафедра филиалдарын, мини-лаборатория ашу керектігін, экономикалық білім беру бағдарламалары бағытында дуальді оқытуды дамыту мәселелерін айтып өтті.

Дөңгелек үстелге Еуразиялық банк, Нұрбанк, Қазақстан Халық Банкі, Отбасы банкі, Fortebank, KMF микроқаржы ұйымы, Шығыс Қазақстан ұн тарту-құрама жем комбинаты, GEOID, Ветзооцентр өкілдері келіп қатысып, «Экономика және қаржы» кафедрасының жаңа инновациялық бағдарламаларының презентациясы аясында өздерінің тамаша ойларымен және пікірлерімен бөлісе алды.

Форсайт соңында келесі банктермен меморандумға қол қою салтанатты түрде жүзеге асырылды:
– «Еуразиялық банк» АҚ Семей қаласы филиалы;
– «Нұрбанк» АҚ Семей қаласы филиалы;
– «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Семей қаласы филиалы.

Пікірталас алаңында барлық қатысушылар өздерінің ұсыныстары мен концепцияларын ұсына отырып, болашақта тығыз байланыс жасауға даяр екендіктерін тілге тиек етті.