Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі17 қаңтар 2023ынтымақтастық, семинар-тренинг, профессор-оқытушылар құрамы, халықаралық жоба

ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АЛДЫН АЛУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫ

Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да, сүт безінің қатерлігі ісігі әйел адамдарда қатерлі ісіктердің ішінде бірінші орынды алады. Орташа есеппен біздің елде жылына 5000 науқас сүт безінің қатерлігі ісігіне шалдыққаны анықталса, 1200 науқас қайтыс болады. Қатерлі ісік ерте сатысында анықталса, онконауқастардың 95%-ы сәтті емделіп шығады.
Шәкәрім университетінің оқытушылары таяуда Қазақстанның жоғары оқу орындарының өкілдеріне арналған «Қазақстан жастарын сүт безінің қатерлі ісігін өзін-өзі диагностикалауға оқыту» жобасы бойынша Польша елінің Быдгощ Экономикалық университетінде тағылымдамадан өткенін естеріңізге саламыз. Аталмыш жобаны іске асырушы – AZS WSG қоғамы (Польша, Быдгощ қ.). «RITA – аймақтағы өзгерістер бағдарламасы» халықаралық жобасын поляк-американдық Бостандық Қоры бірлесіп қаржыландырады. Жобаны іске асырудың келесі кезеңі – Шәкәрім университетінің ПОҚ, құрылымдық бөлім қызметкерлері мен білім алушыларына сүт безінің қатерлі ісігін өзін-өзі диагностикалауды үйрету.
Осы мақсатта Химиялық технология и экология кафедрасының меңгерушісі А.Сабитова, аға оқытушы Л.Бакирова мен Жаратылыстану-ғылыми пәндер кафедрасының аға оқытушысы Р.Жармухаметова университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне, студенттеріне семинар-тренинг өткізді. Тренингке жиыны – 400-ден астам адам қатысты.
Университетіміздегі білім алушылар медициналық бағытта болмағандықтан, семинар-тренингте бірінші кезекте сүт безінің құрылысы жайлы жалпы мағлұмат беріліп, сүт безі қатерлі ісігінің эпидемиологиясы және қауіпті факторлары қарастырылды. Әр жүргізілген семинар-тренинг кезінде аудиториядан кері байланыс алынып, ақпараттың өте пайдалы болғаны байқалды. Оқыту нәтижесі бойынша тестілеу нәтижелеріне сараптама, қорытынды жасалуда және Scopus не Web of Science базаларында индекстелетін басылымдарға мақала шығару жоспарлануда.
Бұл халықаралық жобаның келесі кезеңі жобаның идея авторы Быдгощ университетінің профессоры Татьяна Одинец, Польша елінің белгілі онколог-хирургі Витольд Ковальски, жобаның координаторлары Скалий Александр және Скалий Татьянаның ағымдағы жылдың сәуір айында серіктес Шәкәрім университеті мен Семей медициналық университетіне келуі. Сапар барысында "Сүт безінің қатерлігі ісігіне қарсы күрес" күнін өткізіп, жобаның іске асырылу деңгейіне сараптама жасау қолға алынады.
- Бүгінгі таңда сүт безі қатерлігі ісігі өте қауіпті, кең таралған ауру болғандықтан, біз осы қарапайым тәсілдермен әр әйел заты өзін-өзі ай сайын белгілі бір күндері сүт безіне диагностика жасауды дағдыға айналдырғанын қалаймыз. Семинарымыздың негізгі мақсаты да осы болатын. Талай қыз-келіншектеріміз өз денсаулығына деген көзқарасын сәл болса да өзгертетініне үлес қостық деп ойлаймыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ой келеді,- деді Альфира Сабитова.