Shakarim University-дің 90 жылдығына орай "Табысты тұлғалардың дәрісі" айдарымен өткен кезекті кездесудің құрметті қонағы Семей қаласындағы №7 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі, Қазақстанның Еңбек ері және «Отан» орденінің иегері Алма Сайдахметқызы Шұқыжанова болды.
Қазақ қыздар педагогикалық институтын үздік бітіріп, 1971 жылы еңбек жолын ауыл мектебінде бастаған Алма Сайдахметқызы содан бері қарайғы жарты ғасырдан астам уақытын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолына арнаған талантты әрі шығармашыл педагог. Қаншама шәкірттің бойына құнарлы білім нәрі мен ізгілік нұрын сеуіп, өнегелі тәлім-тәрбие мен жүрек жылуын беріп келе жатқан ол «Қазақстанның Еңбек ері» құрметті атағын иеленген өңіріміздегі бірегей ұстаз.
Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Индира Оралқанова алдымен қатысушыларға кеш қонағын таныстырып, табысты тұлғаның жетістіктеріне тоқталды. Алғашқы сұрақтан соң-ақ адам бойындағы ұлы қасиет – ұстаздық жайлы сыр-сұхбат арнасына түсіп жүре берді. Бала жанының бағбаны, тәжірибелі ұстаз Алма Шұқыжанова кеш барысында оқушыларды жеке өзіндік тұлға етіп тәрбиелеуде математика пәнінің алатын орны, сабақ барысында есептерді шешудің ұтымды әдістерін тауып, неғұрлым тиімді жақтарын анықтаудың бала қызығушылығын арттырудағы маңызы туралы әңгімеледі.
Кездесу қатысушылары өздерінің сауалдарын қойып, ой бөлісті.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, бұл кездесуде жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалім ғана нағыз ұстаз бола алатынына куә болдық.