Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 наурыз 2023құттықтау, профессор-оқытушылар құрамы

ҚҰРМЕТТІ ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ, СТУДЕНТТЕРІ, МАГИСТРАНТ, ДОКТОРАНТТАРЫ!

Мұз көбесі сөгіліп, Жер Ана бусанып, қазақ даласына шуағын шашып Ұлыстың Ұлы күні Наурыз келді!
Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.
Наурызды қазақ халқының ықылым заманнан тойлап, «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше атаған. Наурыз мерекесі жайлы Шығыстың ұлы классиктері Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балха, Омар Хайям, Қожа Хафиз ең­бек­терінде де кездеседі. Ұлы Абай да кезінде: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен»,- деп те сүйсінген.
Ұлыстың ұлы күні жайлы Шәкәрім өлеңдерінде де кездеседі. «Қожа, молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты – Наурыз дегізген. Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» деген. Наурыздың күннен де биік, айдан да кемел, жылдан да ауқымды тұтас дүниетаным екені ертеден белгілі болса керекті.
Наурызда адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.
Қазақ халқы ертеде Сырдың бойын қыстап, Сарарқаны жайлап жүргенде Мәуреннахрға бір табан жақын болған. Сол себепті қазақтың Наурызды тойлайтын дәстүрінде Мәуреннахр өлкесімен ортақтық көп, Наурыздың келген сәтін анықтайтын астрономиялық есепті де қазақ «Бұхар есебі» дейді. Біз Наурыз мерекесін 14 наурыз Көрісуден бастап тойлағанымыз жөн. Бұл күнді қазақ халқы наурыз демей, Амал деген. «Көрісу» 22 наурызға дейін созылады.
Биылғы Наурыз ортамызға тың бастамалар, жағымды жаңалықтармен келіп отыр. Оқу орнымыздың иесімін иеленген ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы қара шаңырақта сән салтанатымен атап өту жоспарға алынды. «Shakarim Forum: тың идея, жаңа қадам» аясында 30-дан астам ауқымды іс-шаралар кешені өткізілмек. Бұл да жаңару мен жаңғырудың белгісі.
Наурыз мейрамын жыл сайын атап өту Шәкәрім шаңырағында да жақсы дәстүрге айналып отыр. Оқу орнында «Көрісу күні», «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Жоралғы күні» секілді ауқымды шаралар жоғары деңгейде өткізілді. Әрбір атаулы күндердің мән мағынасы мен мақсатына маңыз беріліп, халықтық сипат алғаны рухымыздың мықтылығын, бірлігіміздің беріктігін көрсетеді. Осынау игі шараға атсалысқан профессор-оқытушылар құрамына, ұжым қызметкерлеріне, студент жастарға ризашылығымды білдіремін!
Құрметті әріптестер, білім алушылар!
Баршаңызды Түркі әлеміне ортақ, халқымыздың ең Ұлық мерекесі, жыл басы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге шығармашылық табыстар әкелсін!
АҚ МОЛ БОЛСЫН, ӘР ШАҢЫРАҚҚА ҚҰТ, БЕРЕКЕ, ЫРЫС КЕЛСІН!
Құрметпен, Шәкәрім университетінің басшысы
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ