Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 сәуір 2024жастар, орталық

«SHAKARIM JAS-STAR» ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Shakarim University жастардың шығармашылық әлеуетін жетілдіріп, олардың бойындағы қабілетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы ретте, бүгін Shakarim University «Shakarim JAS-STAR» өнер орталығының ашылу рәсімін өткізді. Рәсімге әр факультеттен жиналған өнерпаз студенттер бас қосты. Оқу үдерісінен тыс қоғамдық жұмыстардың іске асуын аталған өнер орталығы жүзеге асыратын болады.
Мемлекет басшысы «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын.
Орталықтың негізгі мақсаты – жеке тұлғаның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасау, салауатты өмір салтына берік дағдыларды қалыптастыру және студенттердің азаматтық-құқықтық және адамгершілік мәдениетін тәрбиелеу.
-Әр факультеттен жиналған дарынды студенттер аталған орталықта бiрiге жұмыс жасап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, өркениетті қоғам құру жолында, өнерлi жастар тәрбиелеу iсiнде еңбек етедi деген ниеттемiн. «JAS-STAR» өнер орталығы – университеттiң рухани қазынасын толтыруға, мәдениеті мен өнерін асқақтатуға қызмет ете берсін!- деді Әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректор Мерей Ерболұлы.
Өнер орталығы құрамына келесі ұжымдар кіреді:
– Ақындар мектебi (ұлттық поэзиямызды насихаттау, жазба әдебиетінің жауhарларымен тыныстау);
– Әншілер тобы (дәстүрлі және эстрада нақышын сақтау, олардың кәсіби шеберліктерін дамытуға қолдау көрсету);
– Би мектебі (би ансамбльдерін құру, халық және заманауи билерді қою);
– «Qarakoz» театры (театралдық пьеса қойылымдары, әртістік өнерді зерттеп, үйрену);
– Имиджі топ;
– Аспаптар тобы (әртүрлі аспаптарда ойнау, ұлттық және әлемдік аспаптарды меңгеру).
Shakarim University – ғылымның шежіресi тұнған, халықтың асыл мұралары сақталған алтын көмбелі мекенi, жалынды жастардың өнермен сусындаған киелі ордасы.
Университеттiң киелі сахнасынан мәдениет майталмандары мен өнер тарландары түледі. Сол сара жолды жалғау – рухты жастардың борышы екендігі айқын. Жаңа орталыққа сәттілік тілейміз!

Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі да ақымақтық.

Абай Құнанбайұлы