Шәкәрім университетінің ауыл мен қала арасындағы рухани көпір атанған «Шәкәрім керуені» жобасы аясында университет басшысы Думан Орынбеков бастаған жұмыс тобы Қайнар ауылындағы С. Бегалин атындағы орта мектепке барып, жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді.
Айта кететін жайт, университет ректоры Думан Орынбеков аталған мектептің түлегі болғандықтан, «Ұстаздар күні» мерекесіне орай алғаш әліппе ұстатқан ұстазы Әбдіғалымова Разия бастаған мектептің барша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтады.
Университет басшысы өз сөзінде өзі түлеп ұшқан мектеп оқушыларына алдарында үлкен таңдау күтіп тұрғанын айтып, жылы лебізін білдірді:
- Мен де дәл Сіздер секілді осы алтын ұя мектепте оқыдым. Мектепті алтын белгіге бітіріп, ЖОО, яғни, өзім басқарып отырған Шәкәрім университетіне түстім. Біз жалаң агитациядан, мазмұнды профориентацияға көштік. Былтыр “Шәкәрім керуені” жобасы аясында Абай облысының бірқатар аудандарына барып шықтық. Басты мақсатымыз – Абай облысы аудандарының мектептерімен бірлескен жобаларды асырып, оқушыларға ерте кәсіби бағыт-бағдар жұмыстарын жүргізу.
Сіздердің алдарыңызда үлкен таңдау күтіп тұр. Адам мамандық пен жар таңдаудан шатаспауы қажет. Өздеріңіздің жүрек қалауыңызға келетін, келешекте елімізге қызмет атқара алатын мамандықтың иесі атануларыңызға тілектеспін!,-деді Думан Рымғалиұлы.
Айта кету керек, кәсіптік бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың саналы түрде болашақ мамандығын қателеспей таңдауға мүмкіндік жасайды. Осы бағытта бірқатар жұмыстарды атқарып келе жатқан Шәкәрім университетінің басты мақсаты - жас ұрпақтың кәсіби құзыретті маман болып қалыптасуына бағыт-бағдар беру.