Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі17 ақпан 2023ынтымақтастық, университет делегациясы, білім алушылар, шәкәрім керуені

«ШӘКӘРІМ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫ АЯГӨЗ, ҮРЖАР АУДАНДАРЫНДА ӨТТІ

Шәкәрім университеті «Шәкәрім керуені» жобасын жүзеге асыруда. Жоба шеңберінде университет делегациясы Аягөз, Үржар аудандарына екі күндік сапармен барып қайтты.
Басты мақсат – «Мектеп - ЖОО» кластері аясында Абай облысы аудандарының мектептерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, оқушыларға ерте кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру.
Жиын барысында «Мамандықтар жәрмеңкесі» өткізіліп, 1000-ға жуық жас түлектерге арналған «Білім апгрейді», «Мамандықты дұрыс таңдайық» тақырыптарында тренинг-кеңестер, бейіндік пәндер бойынша шеберлік сабақтар ұйымдастырылды.
200-ден астам мектеп мұғалімдері өз біліктіліктерін арттырды.
Мектептердегі кәсіптік бағдар беруші мамандар мен ұстаздарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, мектептегі кәсіптік бағдар беруді ұйымдастырудың әдіснамасы тақырыптарында тәжірибелік семинарлар жүргізілді.
Барлық мектеп директорларына көшбасшылық, білім сапасын жоғарлатудың алғышарттары мәселелері турасында workshop өткізілді.
ЖОО мен түлектердің өзара байланысын жандандыру мақсатында Аягөз, Үржар аудандарының дамуына үлес қосқан Шәкәрім түлектеріне, озат шәкәрімдік студенттердің ата-аналарына алғыс хаттар табысталды.
«Оқуға құштар мектеп» жобасын қолдау мақсатында аудан мектептерінің кітапхана қорына Шәкәрім университетінің ректоры, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембековтың «Абайтану» кітабы сыйға тартылды.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жастарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасынан шыққан түлектерге, түрлі байқаулардың жеңімпаздарына «Шәкәрім гранты» табыс етілді.