Shakarim University Ғылым апталығы аясында республикалық кітап көрме - жәрмеңкесін өткізді. Республикалық шараның мақсаты – кітап оқуды насихаттау, интеллектуал жастарды ынталандыру, оқырман мәдениетін қалыптастырып, мәдени құндылықтарды халыққа жеткізу.
Дәстүрлі түрде өтетін көрмеге Алматы және Семей қаласындағы ЖОО-ның, колледждер мен мектептердің кітапханалары, «Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы», «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» және «Альманах», «ALEM BOOK» «ADAL KITAP», «Эверо», «Дарын», «Қазақ университеті» баспа үйі ересектер мен жасөспірімдерге, балаларға арналған кітаптарын ұсынып, әлем әдебиеті жауһарлары мен қазақ әдебиетінің таңдамалы шығармаларын, фэнтези жанрындағы әйгілі кітаптарды оқырман қауымға ұсынды.
Алғы сөз сөйлеген университет ректоры Думан Орынбеков қатысушыларды дәстүрлі республикалық жәрмеңкеге қатысқандары үшін алғысын білдіріп, шараның маңыздылығына тоқталды. «Республикалық кітап көрме – жәрмеңкесіне жиналған жұртшылықты көргеніме қуаныштымын. Ғылым апталығы аясында университетте маңызды мәдени шараның куәгері атанып отырмыз. Бұл еліміздегі әдебиет саласының ғана жетістігі емес, барлық кітапсүйер қауымның мерекесі. Кітап – ұлтты тәрбиелейтін, көкірек көзін ашатын, білім мен ғылымға жетелейтін негізгі құрал»,- деді ректор.
Жиын барысында «Сіз біздің университетті білесіз бе?!» ұтысы бар викторина, «Менің сүйікті кітабым» кітапханалық квилт, «Photo zone» алаңы ұйымдастырылып, қатысушыларға жағымды көңіл-күй сыйлады. Кітап көрме – жәрмеңкесі «Кітап шығарудың ғаламдық үрдістері мен өзекті мәселелері» семинарымен жалғасын тауып, рухани-мәдени кітап мерекесінің маңызын арттырды.