Бүгін Шәкәрім университетінде «Семей рухы» кешенді жобасы аясында Көкбай Жанатайұлы атындағы Абайдың ақындық мектебі дәрісханасының ашылу рәсімі өтті.
Рәсімге университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, Абай ауданының әкімдері, профессор-оқытушылар құрамы мен ақынның ұрпақтары қатысты. Лента қию рәсімі Басқарма төрағасы Думан Орынбековке, Көкбай Жанатайұлының немересі Амангелді Ахметқалиұлына және зиялы қауым өкілдері Амантай Мұқатайұлы мен Бекен Нұрғалиұлына берілді.
Ағартушы, ақын, Абай шығармашылығының бүгінгі күнге жетуіне өлшеусіз еңбегі сіңген қайраткер – Көкбай Жанатайұлы, тек Абай жұртының ғана емес, барша қазақ халқы үшін алып тұлға. Абай мұрасының толыққанды түрде сақталуына, ғұмырнамалық дәлді деректердің бізге жетуіне Көкбай Жанатайұлы теңдессіз еңбек сіңірген.
Құттықтау сөз сөйлеген университет басшысы Думан Рымғалиұлы аталған дәрісхана қазақ әдебиетінің өрісінің кеңеюіне елеулі үлес қосатынын айрықша атап өтті.
Салтанатты жиында дәрісхананың жасақтауына үлкен үлесін қосқан ф.ғ.к., көкбайтанушы Жандос Әубәкіров пен Көкбай Жанатайұылының немересі - Амангелді Көкбаевке «Шәкәрім медалі» табыс етілді, өңірге белгілі тұлғалар Амантай Мұқатаев және Бекен Нұрғалиевке білім ордасы атынан алғыс хаттар табысталды.
Өз кезегінде ғалым Жандос Әубәкір болашақ тіл мамандарына таусылмас қазына болатын Көкбай Жанатайұлының өмірімен, шығармашылығымен терең танысып, үлгі алса деген ниетін білдірді.
Игі бастама Көкбай Жанатайұлы атындағы республикалық оқулардың бас жүлдегері, филология факультетінің 1-курс студенті Нұртасұлы Заңғардың орындауында ақын өлеңімен жалғасын тапты.