2024 жылғы 23–24 мамыр күндері Shakarim University базасында өткен «Абайдың Толық адам ілімі: Ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» атты Республикалық жастар форумында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, абайтанушы, әуезовтанушы Әзімхан Исабектің мазмұнды баяндамасы ерекше назар аудартты.
Ғалымның «Мұхтар Әуезов және қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері» атты баяндамасы классикалық гуманистік мұраны қазіргі ғылыми ұғыммен байланыстыратын маңызды мағыналық көпір болды десек те болғандай.
Спикер өз сөзінде: «Әуезов — Абайды зерттеуші тұлға ғана емес, ол бізге Абайды дәуірдің коды, әмбебап адамгершілік формуласы ретінде танытқан ғұлама. Бүгінде Әуезовті зерттеумен шектелмей, оның ғылыми ізін жаңа заманның талаптары мен біліміне сай жалғастыру — біздің борышымыз»,- деп атап өтті.
Баяндаманың өзегі — Абай ұрпақтарының Шымкенттегі жерленген орындарына қатысты мұрағаттық деректердің нақты дәлелдермен ұсынылуы болды. Мәкен Тұрағұлқызы қойған құлпытас негізінде Абайдың ұлдары — Тұрағұл мен Мекайыл, сондай-ақ, олардың әйелдері — Камалия мен Дәмежанның қай жерде жерленгені нақты анықталды. Бұл деректер — ұлы ақынның отбасылық жадын қайта жаңғырту жолындағы маңызды ғылыми жаңалық саналады.
«Тарихи жады — бұл абстракция емес. Ол нақты есімдерден, орындардан, бейнелерден басталады. Абай әулетінің өмірі мен тағдырын қалпына келтіру арқылы біз тарихты қайтарып қана қоймай, болашақпен байланыстың да негізін қалаймыз»,- деді Исабек.
Сондай-ақ, форум барысында М. Әуезов атындағы университет тарапынан 2023 жылы жарық көрген «Әуезов және Абай» атты екі томдық ғылыми еңбек таныстырылды. Бұл жинақ — қос ұлы тұлғаның шығармашылық сабақтастығына арналған кең ауқымды зерттеудің жалғасы ретінде ұсынылды.
Әзімхан Исабектің баяндамасы руханият, архивтік деректер мен гуманитарлық зерттеу әдістемесін тоғыстырып, форумға тарихи мазмұн мен ғылыми нақтылық берді. Бұл баяндаманың көптеген студенттер мен қатысушылар үшін отбасы, аймақ, халық тарихының ұлттық бірегейліктің стратегиялық тініне кіріктірілу мүмкіндігінің жарқын үлгісіне айналғаны сөзсіз.
70-тен астам жоғары оқу орнының өкілдері қатысқан форум ғылыми жаңғырту, философиялық ой-толғам және мәдени сабақтастық арқылы өткен мен бүгінді болашақпен ұштастырған іс-шара болды.

