Оқу орнымызда 2021 жылдан бастап «Семей рухы» кешендік жобасы қолға алынған болатын. Осы уақытқа дейін университетімізде жоба аясында талай игі шаралар атқарылды. Игі шараның алғашқы қарлығашы болып № 3 ғимараттағы № 215 дәрісханасы профессор Қ.Шаяхметұлы атындағы лингвотаным нысаны болып жаңадан жасақталып, заманға сай қайта ашылған еді. Содан бері 8 айдың ішінде кабинет, хол, атаулы кітапхана – барлығы 13 нысан қайта жаңғырды. Сол үрдістің биылғы жоспарын Шет тілдер кафедрасы бастады.
Бүгін Филология факультеті мен Жаратылыстану-математика факультеті орналасқан Қашаған көшесіндегі ғимаратта екі нысан заманға сай жаңартылып, оқу-әдістемелік және лингвистикалық кабинеттер болып қайта ашылды.
Бүгін шет тілдерін оқыту сапасын арттыру үшін мамандырылған, қазіргі заманға сай кабинеттер жасау мақсатында Шет тілдер кафедрасының студенттеріне арналған жаңа оқу кабинеттерінің ашылу рәсімі өтті. Аталған оқу кабинеттері жоғары оқу орнында білім беру процесін ұйымдастыруға қойылатын заманауи талаптар мен мәдениетаралық коммуникациядағы жаңа үрдістерді ескере отырып жабдықталған.
Рәсімге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Кабинеттердің лентасын қию құрметі ардагер ұстаз Г.К Исмаилова мен ф.ғ.к.,профессор м.а. Т.М.Демежановқа берілді.
Алғашқы сөз алған Басқарма төрағасы – Ректор Б.А.Ердембеков мамандандырылған кабинеттің маңызына тоқталып, білім беру жүйесінің интернационализациялауда жаһандану процесін пайдалана отырып, қазақтың ұлттық құндылықтарын әлемге насихаттау қажеттілігін айтты. Сонымен қатар, университет басшысы шетел тілдерін үйренуге деген сұраныс жыл сайын артып жатқанын, келешекте қара шаңырақта тіл орталығын ашу керектігін ескертті.
Салтанатты шара барысында білім алушылар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдерін ағылшын, қытай, түрік, неміс және орыс тілдерінде оқыды. Қатысушыларға аталмыш кабинеттердің функциясы, оқытудың интерактивті әдістерін қолдануда кабинеттердің ыңғайлылығы, интерактивті панель тақтаның сабақ барысында қолдану тәсілдері бейнеролик арқылы көрсетілді.
Шараға арнайы қонақ ретінде ағылшын тілі маманы Анита ханым қатысты. Анита ханым кафедра аясында білім алушыларға арналған ағылшын тілін үйрететін Speaking Club үйірме жұмысын жүргізетін болады. Үйірме сейсенбі және бейсенбі күндері жұмыс істейді.
Іс-шара «Мектеп-Университет-Кафедра: бірлесіп ғылыми жоба жасау және жоба аясында жұмыс істеу» атты ғылыми-практикалық семинармен жалғасты. Семинарда шет тілдер кафедрасының оқытушылары мен мектеп мұғалімдері бірлесе отырып, инновациялық ғылыми жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
«Семей рухы» кешендік жобасының жоспары бойынша тағы бірнеше нысандар жаңартылуда. Алдағы уақытта игі шараларымызбен сіздерді хабардар ететін боламыз.