Бүгін Шәкәрім университетінде қоғам қайраткері, журналист, шежіреші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Молдабек Жанболатұлының «Тобықты – Шыңғыстау шежіресі» жеті томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Рәсімге университет басшылығы, Абай облысы әкімдігі, Абай ауданының делегациясы, зиялы қауым өкілдері, Тобықты руының ұрпақтары қатысты. Жиын ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталып, «Шежіре сыр шертеді...» атты Молдабек Жанболатұлының шығармашылығына арналған көрмеге ұласты.
Алғы сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы Думан Орынбеков жазушының қуатты да өміршең жырлары ұрпақ санасына сәулелі нұрын төгіп, адамзат игілігіне қызмет етері сөзсіз екендігін ерекше атап өтті.
-Бүгін ұлт тарихының тағы бір құнды парағын ашқалы отырмыз. Ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар» шежіресінің заңды жалғасы болып табылатын «Тобықты – Шыңғыстау шежіресі» жеті томдық жинағының таныстырылу рәсімі –қасиетті қара шаңырақта өткізілуі заңдылық. Себебі, биыл білім ордасы Шәкәрім бабамыздың 165 жылдық мерейтойын халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде атап өтті. Бүгінгі тағылымы мол шара ғұлама ғалым мерейтойының қорытынды кештерінің бірі десек артық айтпаспыз,- деді Думан Рымғалиұлы.
Жиын барысында Ғылыми кеңес шешімімен Молдабек Жанболатұлына Шәкәрім университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Шара шежіре авторының сөзімен тәмамдалып, әдемі кеш соңы ағаның өзі негізін салып, ұйымдастырған «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әуезді әндеріне ұласты. Шежіре – ел өмірінің тарихын ашатын, халқымыздың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бері басынан өткен тарихи тағдырын, сол қиындықтарда жеңіп, жерін, елін қорғап, өнер,білім,ғылым тауып келе жатқан халқымыздың қаһарман, қайсар рухын, бай этнографиясын, рухани болмысын топтаған құнды шығарманың бірі.
Қырық жыл талмай ізденіп, бүкіл Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанды аралап, архивтерді ақтарып, Ресей, Қытай, Моңғол еліндегі қандастарымызбен хат-хабар алысып, жинақтап, хронологиялық жүйеге келтірген Молдабек Жанболатұлының еткен еңбегі шексіз. Шежіре тарқату, бабалар тарихын есте ұстау – халқымыздың ежелгі дәстүрі. Ру, шежіресін түгендеумен бірге ұлт рухына асқақтататын бұл кітаптың құны күн санап арта түсетіні анық.