Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі25 қыркүйек 2023ынтымақтастық, аграрлық сала, шәкәрім делегациясы

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІ АГРАРЛЫҚ БАҒЫТТЫ ДАМЫТУДА

Шәкәрім университеті – еліміздің Солтүстік-Шығыс өңірінде ауыл шаруашылығы және аграрлық салада мамандарды дайындап келе жатқан ЖОО-ның бірі. Биыл білім ордасы Жібек жолының ауыл шаруашылығы білімі және ғылыми-техникалық инновациялар Альянсына мүше болып кірді. Осы ретте, шәкәрімдік делегация Аспан асты Қытай елімен ынтымақтастық аясында бірқатар бірлескен жоспарларды атқармақ.
Мәселен, Shakarim University мен Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамыту, профессор-оқытушылар құрамы мен зерттеуші ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуы мен ғылыми тағылымдамадан өтуін, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырумен, қос дипломды білім беру бағдарламасын әзірлемек.
Шәкәрім университетінің басшысы Думан Орынбеков өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оқу ордасының атқарып жатқан ауқымды жоспарларымен таныстырды.
«Біз өз тарапымыздан ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін игере отырып, ұлттық агроғылымды жаңа деңгейге шығаруға өз септігімізді тигіземіз. Оқу ордасы өңірдің инновациялық дамуында ғылымның нақты сектормен байланысын қалыптастыратын экожүйе құруды жоспарға алды. Бұл міндетті тиімді шешуге университеттің ғылыми әлеуеті жеткілікті, ғалымдарымыз дайын!», - деді Думан Рымғалиұлы.
Алдағы уақытта Шәкәрім университеті Қытай елінің Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен "Азық-түлік өнімдерінің технологиясы", "Тағам қауіпсіздігі" және агроөнеркәсіп кешені бойынша қос дипломды білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлейді. Сондай-ақ, университет докторанттары мен профессор-оқытушылар құрамының ғылыми тағылымдамасы Қытай елінде өтетін болады. Бұл өз кезегінде отандық ғылымның дамуына жаңа серпіліс беретіні хақ.