Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 қыркүйек 2023ынтымақтастық, талқылау, аграрлық сала, форум ректоров, жиын

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІ ШЫҰ ЕЛДЕРІНІҢ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ РЕКТОРЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

Аспан асты елі Қытай Халық Республикасында Жібек жолы ауыл шаруашылығы білім беру және ғылыми инновациялар альянсының VIII халықаралық конференциясы мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) елдерінің ауыл шаруашылығы университеттері ректорларының II форумы өтуде. Басқосуға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстанның 46 университетінен, ғылыми-зерттеу мекемелері мен кәсіпорындарынан 150-ден астам өкіл қатысуда.
Шәкәрім университеті мен Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетімен академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамыту, профессор-оқытушылар құрамы мен зерттеуші ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуы мен ғылыми тағылымдамадан өтуін, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырумен, қос дипломды білім беру бағдарламасын әзірлемек.
Форумда сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің басшысы Думан Орынбеков баяндама жасап, оқу ордасының атқарып жатқан ауқымды жоспарларымен таныстырды.
-Бүгінгі өткізіліп отырған ауқымды халықаралық конференция мен форум Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері үшін өз нәтижесін берері хақ. Біз өз тарапымыздан ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін иегере отырып, ұлттық агроғылымды жаңа деңгейге шығаруға өз септігімізді тигіземіз. Білім ордасы өңірдің инновациялық дамуында ғылымның нақты сектормен байланысын қалыптастыратын экожүйе құруды жоспарға алды. Бұл міндетті тиімді шешуге университеттің ғылыми әлеуеті жеткілікті, ғалымдарымыз дайын! Бүгінгі айтылған келелі ой-пікірлер, ұсыныстар мемлекетіміздің ілгері дамуына септігін тигізеді деген ойдамын,- деді Думан Рымғалиұлы.
Өз кезегінде Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің ректоры Ву Путэ мырза Шәкәрім университетімен "Азық-түлік өнімдерінің технологиясы" және "Тағам қауіпсіздігі" қос дипломды білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуге дайын екендігін айтты. Сондай-ақ, докторанттарды даярлау, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми тағылымдамадан өту мәселесі де қарастырылды.
Конференция барысында қатысушылар Янлинде өтіп жатқан 30-шы қытайлық жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, білім, ғылым, аграрлық саладағы мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Шәкәрім университеті Жібек жолының ауыл шаруашылығы білімі және ғылыми-техникалық инновациялар Альянсына мүше болып кірді.