Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 ақпан 2024ғылым, конференция, орман

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҒАЛЫМДАР МЕН ӨНДІРІС ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ОРМАН ӨРТІ ЖӘНЕ ОРМАНДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫҒА САЛДЫ

Жер жүзінде бірегей реликті қарағайлы бор Абай өңірі мен Канада елінде ғана бар. Бүгінгі таңда планетада жаһандық климаттың өзгеруі, кең ауқымды дала өрттерінің өршуі бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдардың өміріне әсер етіп, өзекті мәселеге айналуда. Осы ретте, Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен Shakarim University «Орман өрті - ХХІ ғасырдың жаһандық мәселесі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Шараны Абай облысы әкімдігі, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігі Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті» ММ және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ бірлесіп ұйымдастырды.  Алғаш рет конференцияға Өртке қарсы қызмет комитетінің, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының, «Тарбағатай», «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, «Казавиалесоохрана», Жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжі (Щучинск), Риддер колледжі және т.б. өкілдері қатысты. 

Басқосу ең өзекті экологиялық проблемалардың бірі – орман өртімен күресте инновациялық тәсілдер мен технологияларды әзірлеу және енгізу үшін қажетті жаһандық диалог пен ынтымақтастықты ынталандыруға бағытталған. Бүгінде орман алқаптарын жылдам қалпына келтіру үшін шұғыл шешімдер, ғылыми негіздемелер керек. Ол үшін мүдделі органдар мен ғалымдардың ынтымақтастығы өзекті.

-Орман адамзат үшін үлкен маңызға ие. Оның жоғалуы экологияға, климат пен жалпы қоғамға ауыр зардап әкеледі, сондықтан орман ресурстарын сақтау мен басқару қазіргі таңдағы маңызды мәселе. Өздеріңізге мәлім өткен жылдың жазында өңірімізде 63 мың гектардан астам бірегей реликті қарағай орманы өртенді, бұл бүкіл орманның алтыншы бөлігін құрайды. Біз ғалымдар ретінде бірегей қарағай орманын қалпына келтіруге бар күш-жігерімізді салуға мүдделіміз,- деді Shakarim University басшысы Думан Орынбеков.

 

Болгария, Ресей және Қазақстан елдерінен қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар орман өрттері проблемасының әртүрлі аспектілері, оның ішінде олардың пайда болу себептері, экожүйелер мен адамзат үшін салдары, сондай-ақ алдын алу мен күресудің ғылыми және практикалық тәсілдерін және т.б. мәселелерді талқылады. Жиында орман өртімен күресудегі халықаралық ынтымақтастық пен инновациялық технологиялардың рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар түйткілді мәселені тереңірек түсінуге және тиімді әрекет ету стратегияларын әзірлеуге көмектесетін тәжірибелермен, озық идеялармен алмасты.