Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі07 қазан 2022мектеп оқушылары, кеңес беру

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА КЕҢЕС БЕРУДЕ

Кәсіби бағдар беру — әрбір оқушының қабілеті мен бейімін ескере отырып мамандық таңдау ісінде дұрыс кеңес беру. Бұл іске, баланың келешектегі бүкіл өміріне өзек болатын кәсіпті дұрыс таңдауына, тек ата-ана ғана емес, бүкіл қоғам, оның ішінде, тәлім-тәрбие беруші ұстаздар да, психологтар мен дәрігерлер де асқан жауаптылықпен қарауы тиіс. Мектеп бітірушілер арасында кәсіби бағдар беру жұмысын өз құзіретіне сай деңгейде Шәкәрім университетінің мамандары бірнеше жылдан бері жүйелі және ұдайы жүргізіп келеді. Осы маңызды мәселеде мектеп түлектеріне кеңес беру мақсатымен «Мамандықты дұрыс таңдайық» деген тақырыпта университет өкілдері жаңа оқу жылындағы өз жұмыстарын бастады. Қалалық Білім бөлімімен келісілген кесте бойынша бұл жұмыс түрі қазан айы бойы жалғаспақ.
Жаңа оқу жылындағы бұл бағыттағы бір ерекшелік – кәсіби бағдар беруге студенттердің тартылуы. Белсенді студенттерден жасақталған «ProfUnit» мобилді тобы №47, 12 және 5 мектеп гимназияларында өз акцияларын бастады. Қаладағы барлық мектептерді қамтитын акция «Сіздің университеттегі бір күніңіз» деп аталады. Акция аясында білім алушылар түрлі сала мамандарымен кездесіп, өмірлік жолдарын адаспай табуға, бағыт-бағдар алып отырады.
«Акцияның бірінші айналымында әр мектептен «ВикторинаProfUnit» ойыны арқылы бір жеңімпаз анықталып, әр мектептің жеңімпаздары өзара екінші айналымда тағы сайысқа түседі. Үшінші айналымда үздік бес 11-сынып оқушысы өзі таңдаған мамандық бойынша университетте бір күнін шартты студент ретінде өткізіп, шынайы студенттік өмірмен танысып қайтады",- деді «ProfUnit» мобилді тобының мүшесі Диана Сеитназарова.
Мектептердегі кездесулерде шәкәрімдік делегация жас буынға өмірлік тәжірибелерінен сыр шертіп, мамандықты саналы түрде дұрыс таңдауға кеңестерін берді.